Басты Жаңалықтар Тараз әкімдігі аттракцион алаңдарына тоқ беруді тоқтатты

Тараз әкімдігі аттракцион алаңдарына тоқ беруді тоқтатты

Тараз әкімдігі «Жеңіс саябағында заңсыз орнатылған» деп аттракцион алаңдарын электр қуатынан ажыратты. Алайда кәсіпкерлер тоқ генераторын әкелу арқылы қуат көзін қайта қосып алды. Жергілікті билік экстремальды әткеншектердің техникалық талаптарға жауап беретін тиісті құжаты жоқ екенін айтады. Сондықтан бала өміріне қауіпті құрылғылардың қуат көзіне қосылуына қарсы. Ал кәсіпкерлер не дейді, Данияр Әлімқұл тараптарды тыңдады.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Әкімдік мына қытайлық құрылғыларды қауіпті, құжаты жоқ деген. Сөйтіп жұмысын тоқтатуды талап еткен. Бірақ кәсіпкерлер барлық құжатымыз бар деп жұмыс істеуін жалғастыра берген. Ал амалы таусылған атқамінерлер аттракциондарды қуат көзінен қағуға көшті дейді.
Қала әкімі қауіпті әткеншектерден балалар зардап шегуі әбден мүмкін дейді. Айтуынша, алып аттракциондардың не иесі, не құжаты жоқ. Бірақ бір қызығы күндіз көрінбейтін қожайыны, кешкісін пайда болады екен. Сөйтіп түннің бір уағына дейін адамдардан ақы алады. Айта кетерлігі, бұл соңғы 6 жыл бойы жалғасқан. Енді қала әкімі елеске айналған егесін табу үшін саябақ ішіндегілерге сұрау салды. Сөйтіп иесі жоқ иелікке тоқ беруді тоқтатты.
Бұған келіспеген кәсіпкерлер электр генераторын әкеліп, қуат көзін қайта қосып алған. Бірақ бұл заңсыз болғандықтан шаһар шенділері жеке жасақпен келіп, генераторды алып кетті.
Ал біз аттракциондардың иесін таптық. Кәсіпкер саябақтың 2 гектардан астам бөлігін 2022 жылы жалға алдым деді. Келісімшарт қала тазалығына жауапты «Жасыл ел Тараз» мекемесімен 15 жылға жасалыпты. Қолындағы құжаты темір әткеншектердің техникалық талаптарға сай екенін көрсетеді дейді. Бірақ шаһар шенділері тіркеуге алмай отырғанын айтты.
Дәурен Ұзақов, жеке кәсіпкер:

4 жылы өтті, пайдалануға болатын әлі 11 жылымыз бар. Қалалық әкім Бақытжан Орынбеков оны бізге жоққа шығарып жатыр. Мысалы, бұл аттракцион 2024-те салынған. Неге ол кісі биыл келіп отыр? Неге ол сол уақытта келмеді? Мынау аттракционның өзі 100 млн теңге, мынау 100, ар жақта тұрған аттракцион 78 млн. Ай сайын 1 млн кредит төлеп отырмын, кім төлеп береді маған?

Әкімдік «Жеңіс» саябағында соңғы 6 жылдан бері 15 аттракцион заңсыз жұмыс істеп келді дейді. Өйткені саябақтың жері 2019 жылы «Жасыл ел Тараз» серіктестігіне өткен. Содан соң саябақтың 2,2 га жеке кәсіпкерге жалға берген. Ал 2021 жылы жер мемлекет меншігіне қайтарылған.
Гүлшат Айтбаева, қала әкімдігі құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:
Содан бері заңсыз орналастырылған аттракциондарды және жеке кәсіпкерді сол жер телімінен шығара алмай әлек болып жатырмыз. 10 сот отырысы өтті. Әр сот отырыстарында «бұл аттракциондар менікі емес, маған тиесілі емес» деген уәждер келтіреді. Яғни оны басқа жеке кәсіпкер деп көрсетеді, ол жеке кәсіпкер «менікі емес» дейді.
Осылайша олар бір кәсіпкерден екіншісіне қожайын құқығын беру арқылы сот процесін созып келеді дейді. Соңғы 5 жыл бойы жалғасқан «Жеңіс» саябағына қатысты істе кімнің жеңіске жететіні белгісіз. Қос тараптың қордаланған ісі баянын тапқанша бала қауіпсіздігі қағаберіс қалмаса игі.

Бөлісу