Басты Жаңалықтар Бауыржан Момышұлы

Бауыржан Момышұлы

Бауыржан Момышұлы

Бауыржан Момышұлы – Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, Халық қаһарманы, көрнекті жазушы. Ол 1910 жылы 24 желтоқсанда қазіргі Жамбыл облысы Жуалы ауданында дүниеге келген. Бауыржан Момышұлы 13 жасына дейін ауылда тәрбиеленіп, кейін интернатта білім алды. 1932 жылы әскер қатарына шақырылды. Әскери борышын өтегеннен кейін қаржы саласында қызмет атқарды. Алайда 1936 жылы қайтадан әскерге шақырылып, әртүрлі әскери бөлімдерде командирлік қызметтерді атқарды.

1941 жылы Алматыда генерал-майор Иван Панфилов жасақтаған 316-атқыштар дивизиясының құрамында соғысқа қатысты. Соғыстың соңғы кезеңінде гвардиялық дивизияны басқарды. Майдан даласында 27 рет шабуылға шығып, бес рет жау қоршауын бұзып шыққан. Оның ерлігі мен қолбасшылық шеберлігі Александр Бектің әйгілі «Волоколамск тас жолы» кітабына арқау болды. 1950 жылы Кеңес армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын тәмамдап, әскери академияда дәріс оқыды. Осы кезеңде шығармашылықпен де белсенді айналысты. 1956 жылы әскери қызметтен запасқа шығып, өмірінің қалған бөлігін толықтай әдебиетке арнады. Бауыржан Момышұлы әскери педагогика мен әскери психологияның дамуына зор үлес қосқан тұлға. Ол шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде жазды. Жазушының негізгі тақырыбы – майдан жылдарындағы жауынгерлердің ерлігі, отансүйгіштік пен адамгершілік құндылықтары.



Қазақ әдебиетіндегі әскери проза жанрының негізін қалаушылардың бірі саналатын қаламгердің «Офицердің күнделігі» (1962), «Артымызда Москва» (1963), «Генерал Панфилов» (1965), «Қанмен жазылған кітап», «Соғыс психологиясы», екі томдық шығармалар жинағы және басқа да көптеген еңбектері оқырманға кеңінен танымал. 1976 жылы туған жері мен балалық шағын суреттеген «Ұшқан ұя» мемуарлық романы үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.



Бауыржан Момышұлының есімі қазақ халқының батырлық рухының, отансүйгіштігінің және қайсарлығының символына айналды. 1990 жылы оған «Кеңес Одағының Батыры» атағы, ал тәуелсіз Қазақстанда «Халық қаһарманы» атағы берілді. Оның өмірі мен шығармашылығы бүгінгі ұрпаққа елге адал қызмет етудің, ерлік пен парасаттың жарқын үлгісі болып қала береді.

Бауыржан Момышұлы әскери өнерге жаңалық енгізген тактик болған. Толық нұсқа


Бөлісу