Басты Жаңалықтар Энергетика министрлігі: Консорциум маңындағы шабуыл кезінде мұнай төгілген жоқ

Энергетика министрлігі: Консорциум маңындағы шабуыл кезінде мұнай төгілген жоқ

Каспий құбыр консорциумы маңындағы дрон шабуылы кезінде мұнай төгілген жоқ. Энергетика министрлігі осылай деп мәлемдеді. Ведомствоның сөзінше, 19 шілдеде теңіз терминалында мұнайды тиеп жатқанда танкерлеге шабуыл жасалып, өрт шықты. Бірақ ол дер кезінде сөндіріліп, еш шығын болған жоқ. Десе де, оқиғаның мән-жайы анықталғанша тасымал тоқтатылды. Министрлік шабуылды энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекет деп санайды. «ҚР Энергетика министрлігі азаматтық мақсаттағы аса маңызды энергетикалық инфрақұрылым нысандарына жасалған мұндай шабуылдарды жол беруге болмайтын әрекет деп санайды. Халықаралық энергетикалық инфрақұрылым нысандарына кез келген күш қолдану жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндіреді, жобаға қатысушылардың экономикалық мүдделеріне елеулі зиян келтіреді», делінген хабарламада.

Оқиға байланысты Сыртқы істер министрлігі де мәлімдеме жасады. Ведомство кемелерге шабуыл жасағандардың әрекетін қатаң айыптайтынын жеткізді: «Аталған шабуылдарды Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделеріне жол беруге болмайтын қол сұғушылық, сондай-ақ заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарық пен халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға бағытталған қасақана әрекеттер ретінде қарастырамыз. Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуды және қазақстандық көмірсутек шикізаты экспорты инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты шаралар қабылдауды талап етеді. Серіктес мемлекеттерді аталған шабуылдарды батыл айыптауға шақырамыз және барлық мүдделі тарапты нақты іс-жүзіндегі шараларды бірлесіп әзірлеуге үндейміз», деп жазылған хабарламада.

Бөлісу