Басты Жаңалықтар Саяси партиялар сайлауалды штабын ашып, үгіт-насихат науқанын бастады

Саяси партиялар сайлауалды штабын ашып, үгіт-насихат науқанын бастады

Құрылтай сайлауына түсетін париялар үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Бұған дейін, Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысатын 7 партияны тіркеп, ұсынылған 545 кандидаттың барлығы Конституция мен «Сайлау туралы» заң талаптарына сай екенін мәлімдеді. Саяси партиялардың жұмысы туралы Ақниет Балтанова тарқатады.

«Әділет» партиясының  ел бойынша 20 өңірлік, 226 аумақтық штабы және шамамен 30 мың сенімді өкілі жұмысқа кірісті. Республикалық штабтың ресми ашылуын алғаш рет жасанды интеллект модераторы жүргізді. Іс-шараға Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттар, өңірлік штабтардың жетекшілері, партияның жастар қанаты мен бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты. «Әділет» партиясынан тізімге 186 кандидат енген.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы да сайлауалды науқанын бастап, кеше Астанада орталық штабын ашты. Іс-шараға ұйымның 30-ға жуық жақтастары мен белсенділері және қоғам өкілдері қатысты. Жиында ұйымның сайлауалды бағдарламасы мен Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттары таныстырылды. Айта кетейік, бұл саяси ұйым сайлау тізіміне 33 кандидат ұсынған. Партия сайлаушылармен байланыс орнатуға арналған бірнеше жобасын іске қосты.

«Байтақ» жасылдар партиясы да республикалық сайлауалды штабтың жұмысына қызу кірісті. Жиында ұйым өкілдері өңірлік штабтардың жұмысын үйлестіріп, іс-шаралар мен кездесу кестесін бекітті, міндеттер мен жауапкершілікті бөлді. Сайлауалды үгіт-насихаттың басым бағыттарын нақыталады. «Байтақ» саяси ұйымы Құрылтай депутаттарының сайлауына 47 кандидаттан тұратын партиялық тізім ұсынды. Оның 18-і әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар санатына жатады.

Қазақстан Халық партиясы үгіт-насихат жұмысын бастап, барлық өңірдегі штабын ашты. Іс-шараға депутаттыққа кандидаттар мен партия белсенділері қатысты. Ашылу салтанатында арнайы акция ұйымдастырған ұйым өкілдері қолдарына жалауша ұстап, науқанының басталуын символикалық түрде атап өтті. Жиында саяси ұйым ресми әнұранын таныстырды. Еске салсақ, Қазақстан Халық партиясы Құрылтай сайлауына 72 кандидат ұсынды. Оның 54-і ер азамат болса, 18-і әйел.

 «Ауыл» партиясы да Республикалық штабтың ашылуына орай арнайы іс-шара өткізді.  Жиынға құрылтай депутаттығына кандидаттар, республикалық және өңірлік штабтардың, сондай-ақ партия жастар қанатының өкілдері қатысты. Бұған дейін партия Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысу үшін 69 кандидат тіркегені белгілі. Үміткерлердің басым бөлігі 35 пен 55 жас аралығында, олардың жартысына жуығы ауыл шаруашылығы саласының мамандары.

«Ақ жол» демократиялық партиясы Алматы облысында сайлауалды үгіт-насихат науқанын ресми түрде бастады. Салтанатты іс-шараға кандидаттар, жастар қанатының өкілдері, белсенділер мен жақтастары қатысты. Партияның барлық 20 өңірлік филиалы тікелей байланысқа шығып, телекөпір ұйымдастырылды. «Ақ жол» демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына 63 кандидат ұсынылды. Олардың қатарында түрлі сала өкілдері бар.

Respublica партиясы өткізген штабтың ашылу салтанатында саяси ұйымның барлық 20 өңірдегі өкілдері қосылып, бір мезгілде жұмысын бастады. Жиынға депутаттыққа кандидаттар мен белсенділер және партияның жақтастары қатысты. Салтанатты рәсім барысында кандидаттарға куәліктер табысталды. Respublica партиясынан тізімге 75 кандидат енгізілді. Олардың 44-і ер адам және 31-і әйел. Заңда бекітілген квота талаптары сақталған.

Бөлісу