Басты Жаңалықтар Қазақстан – Ресей: Логистиканың жаңа кезеңі

Қазақстан – Ресей: Логистиканың жаңа кезеңі

Қазақстан мен Ресей арасында цифрлық көлік дәлізі іске қосылуы мүмкін. Мұндай ұсынысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда өткен Қазақстан мен Ресейдің ХХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумында айтты. Биыл басқосу жаһандық логистика экожүйесін қалыптастыру тақырыбына арналды. Жиында тағы қандай бастамалар көтерілді? Әріптесім баяндайды.

Президенттің Омбыдағы жұмыс сапары Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым етуден басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев соғыс ардагерлеріне арналған Омбы госпиталіндегі әкесі Кемел Тоқаевқа қойылған ескерткіш тақтаға гүл шоғын қойды. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, майдангер-жазушы Кемел Тоқаев осы госпитальде 1945 жылдың ақпанынан маусымына дейін ем алған.

Одан кейін Қазақстан Президенті Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесті. Мемлекет басшысы Омбыдағы қонақжайлық үшін алғыс айтып, бүгінгі жүздесу екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ресей экономикамызға инвестиция салатын елдердің арасында көш бастап тұр. Инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард долларға жетті. Бірлескен күш-жігердің арқасында жалпы құны 53 миллиард доллар болатын 177 перспективті өнеркәсіп жобасының тізімі жасақталды. Оның 122-сі іске асырылды. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайды ескерсек, бұл – көңіл қуантатын жетістік.

Кездесуде сауда-экономикалық байланыстан бөлек, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер де сөз болды. Президент Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты ұстанымын айтып, бейбіт келіссөздерді жалғастырудың маңызын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өзіңізге мәлім, мен әуел бастан мұның мемлекетаралық қақтығыс екенін айтқанмын. Бұл қандай да бір азаматтық соғыс емес. Біз украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне әрдайым құрметпен қараймыз. Аталған қақтығыстың көпшілік үшін, соның ішінде біз үшін түсініксіз тұстары көп. Білуімше, сіз Аляскадағы Анкориджде өткен кездесуде дипломатиялық тұрғыдан барынша икемділік таныттыңыз. Меніңше, қақтығысты уақытша тоқтатып, 2.0. Ыстанбұл формуласына оралған дұрыс. Өкінішке қарай, өрімдей жастар құрбан болып жатыр. Олар – бауырлас Ресей мен Украина халықтарының келешегі. Сондықтан мұның бәрін тоқтату керек.

Владимир Путин де өңіраралық форумның екі ел арасындағы байланыстарды нығайтудағы рөліне тоқталды. Президенттер энергетика, көлік-логистика, ғарыш және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды талқылады.

Владимир Путин, Ресей Президенті:

Кейін екі ел басшысы ХХІІ Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатысты. Биылғы жиынның негізгі өзегі – жаһандық логистика экожүйесін қалыптастыру.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өткен жылы елдеріміз арасындағы теміржол көлігімен жүк тасымалдау 3,5 пайызға артып, 92 миллион тоннаны құрады. Сонымен қатар Қазақстан аумағы арқылы транзит тасымалы жандана түсті. Тек соңғы бес жылда Қытай – Ресей – Қытай бағыты бойынша Қазақстан территориясынан өткен контейнерлік тасымалдың көлемі сегіз есе артты. Автомобиль көлігімен тасымалдау да еселене түсті. Былтыр оның көлемі 8,5 миллион тоннадай болған.

Мемлекет басшысы қолданыстағы цифрлық платформалар негізінде «Қазақстан – Ресей» цифрлық көлік дәлізін пилоттық режимде іске қосуды ұсынды. Бұл жүк қозғалысын жеделдетіп, өзара сауданы ұлғайтып, транзиттік әлеуетті арттыруға жол ашады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Астана мен Ресейдің Қазақстанмен шекаралас әрі халық саны 500 мыңнан асатын қалалары арасында тікелей әуе рейстерін кезең-кезеңімен ашу көзделген. Бұл бағдарламаның іске асуы өз кезегінде екі елге де туристердің көптеп келуіне қолайлы жағдай жасайды. Бұдан бөлек, бірлескен трансшекаралық туристік бағыттар ашу да тиімді деп есептеймін.

Ресей Президенті де көлік, логистика және өзге де салалардағы ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін айтты. Форум аясында мемлекет басшыларына сауда мен логистикадағы цифрлық шешімдер таныстырылды. Олардың қатарында тауарларды цифрлық таңбалау жүйесі, Smart Cargo платформасы және жасанды интеллект негізінде көлік ағынын сараптайтын AI Jol жобасы бар. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге қазақ пен орыс руханиятының қос алыбы – Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевский бейнеленген картинаны сыйға тартты.


Бөлісу