Басты Жаңалықтар Қосшыда халық саны 100 мыңға жетті

Қосшыда халық саны 100 мыңға жетті

Президент пәрмен беріп, қала мәртебесін алған Қосшының құрылғанына бес жыл. Қосшы осы уақыт ішінде аядай ауылдан, экономикалық маңызы бар аймаққа айналып үлгерді. Енді өнеркәсібі өркендеген қаланың қатарына қосылмақ. 

Қала мәртебесін алғалы Қосшыда тіршілік түгел өзгерді. Соның айғағы - газдандыру. Былтыр қаланың бір бөлігі көгілдір отынға қосылған. Күні кеше ауқымды жоба толықтай аяқталып, 112 мыңдай тұрғынның мәселесі шешілді.

Марат Ахметжанов, облыс әкімі:

Қосшы қаласын толық газдандыру Қосшы қаласының бес жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Президенттің халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жасалып отырған іс-шараның айқын көрнісі.

Бес жылдың бедерінде қалада құрылыс қарқын алды. Жол-инфрақұрылымы жақсарып, көптеген әлеуметтік нысандар еңсе тіктеді. Жуырда 350 орындық аурухана пайдалануға берілмек. Ал жыл басында тәулігіне 1000 адам қабылдайтын көпсалалы емхана ел игілігіне табысталды.

Юлия Сәрсенова, акушер-гинеколог:

Біздің бөлім заманауи технологиямен жабдықталған. Мың әйел адамға қызмет көрсетіп жатырмыз. Жаңадан дәрігерлер келіп жатыр. Осындай кең емханада қызмет атқару өте ыңғайлы.

Қосшы - инвестициялық тұрғыдан тартымды қала. Бүгінге дейін кәсіпкерлер 200 млрд теңге қаржы салған. Енді оның көлемі еселеп артпақ. Қаладан арнайы экономикалық аймақ құрылып, 7 бірдей ауқымды жоба іске асырылмақ.

Вэй Лю, ЖШС бас директоры:

Жобаның жалпы құны 600 миллион доллары құрайды.Оны іске асыруға 150 гектар жер телімі табысталды. Негізгі бағыты – өнеркәсіп. Соның ішінде, ақылды логистика және трансшекаралық сауда, цифрлық экономика мен жасанды интеллект саласы.

Мұндай кешенді жобалар көпшіліктің ертеңге деген сенімін оятқаны сөзсіз. Оған дәлел – халық санының өсімі. Қазір 100 мыңға жетті. Демек адам капиталы артқан Қосшының Қазақстандағы қуатты қалалар қатарына қосылары анық. 


Бөлісу