Ел жаңалықтарына шолу
Елімізде бизнеске берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі төмендеп, кәсіпкерлерді қаржыландыру көлемі рекордтық деңгейге жетті. Ұлттық банктің мәліметінше, маусым айында екінші деңгейлі банктер заңды тұлғаларға 2,52 триллион теңге көлемінде несие берген. Бұл мамыр айымен салыстырғанда шамамен 45 пайызға көп және жыл басынан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Елімізде бизнеске берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі төмендеді
Ұлттық банктің мәліметінше, маусым айында заңды тұлғаларға берілген жаңа несиелердің орташа мөлшерлемесі 22 пайыздан 21,1 пайызға дейін, яғни 0,9 пайыздық тармаққа төмендеген. Сарапшылар мұны базалық мөлшерлеменің төмендеуі мен экономикалық белсенділіктің жандануымен байланыстырады. Бұл корпоративтік сектордың қаржыландыруға деген сұранысының артқанын көрсетеді.
Қазақстан Орталық Азиядағы жоғары білім саласының көшбасшысы атанды
Қазақстан жоғары білім саласында Орталық Азияның көшбасшысы атанды. Ұлыбританияның QS рейтинг агенттігінің мәліметінше, биылғы үздіктер тізіміне еліміздің 44 жоғары оқу орны енді. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, 23 университет алғаш рет тұрақты даму рейтингіне енді. Алматы мен Астана да әлемнің үздік студенттік қалалары рейтингінде өз орындарын жақсартты. Сарапшылардың пікірінше, білімнің қолжетімділігі, ағылшын тіліндегі бағдарламалардың көбеюі және шетелдік университеттер филиалдарының ашылуы Қазақстанның халықаралық білім беру орталығы ретіндегі беделін арттырып келеді.
Бірнеше аймақта құрылыс қарқыны артады
Биыл Ұлытау, Абай және Қызылорда облыстарында құрылыс қарқыны артқан. Жалпы, елде өңдеу өнеркәсібі 9,8 пайызға өссе, сауда, көлік және ауыл шаруашылығы салаларында да оң динамика сақталған. Үкімет ауқымды инфрақұрылымдық жұмысты жалғастырып бірнеше саладағы жобаларды көбейтуді жоспарлап отыр.
Сөйлейтін дрондар патрульге шықты
Шығыс Қазақстан облысында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін сөйлейтін жаңа дрондар патрульге шықты. Өңірлік полицияның мәліметінше, дауыстық хабар тарату функциясы бар 10 ұшқышсыз аппарат қызметке кірісті. Алғашқы рейдтер базарлар мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде өткізілді. Дрондар дауыс зорайтқыш арқылы тұрғындарға қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырып, ескерту жасайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы