Басты Жаңалықтар Халықаралық цирк фестивалінің жеңімпаздары анықталды

Халықаралық цирк фестивалінің жеңімпаздары анықталды

Алматыда IV Almaty Circus Festival халықаралық цирк өнері фестивалі мәресіне жетті. Мәдени шараға әлемнің бірнеше елінен келген үздік цирк әртістері қатысып, бес күн бойы көрерменге ерекше қойылымдар мен күрделі трюктерін ұсынды. Биылғы фестивальдің бас жүлдесі Қытай өнерпаздарына бұйырды.

Фестивальге биыл әлемнің 20-ға жуық елінен келген өнерпаздар жиналып, әуе гимнастикасы, акробатика және тепе-теңдік жанрларындағы үздік қойылымдарын ұсынды. Байқау жеңімпаздарын 9 елден шақырылған халықаралық қазылар алқасы анықтады. Бас жүлде Қытайдың Чжан Хао мен Ли Тянь Мэн орындаған «Еркін сым – керілген арқан» нөміріне бұйырды.

Данияр Әлиев, қалалық Мәдениет басқармасының басшысы:

Осындай фестивальдердің мағынасы да, мәні де үлкен. Себебі 5 күн бойы бұл шараны көрген кезде мәдениеттің, бекзат өнер деп бекер айтпайды. Сондықтан бұл шынайы өнерді бағалаған еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін келіп, барлығы тамашалап қайтты деп айта аламыз.

Алтын жүлде Франция, Моңғолия және Беларусь өнерпаздарына табысталса, күміс жүлдені Венгрия, Ресей және Швейцария әртістері иеленді. Ал қола жүлде Өзбекстан, Украина мен Армения өнерпаздарымен қатар, Шымкент циркінің «Аспан арулары» әуе гимнастарына бұйырып, қазақстандық ұжымның мерейін үстем етті.

Әлия Такшантова, аю үйретуші әртіс:

Осындай фестивальдерге әрбір цирк әртісі қатысуды армандайды. Өйткені мұнда өз өнеріңді халықаралық деңгейде көрсетуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар әр елден келген әріптестермен танысып, тәжірибе алмасасың.

Фестивальдің жабылу салтанатында халықаралық қазылар алқасының арнайы сыйлықтары табысталды. Бұл марапаттар өнерпаздарға әлемнің жетекші цирк ареналары мен беделді халықаралық фестивальдеріне қатысуға жол ашады. Сарапшылардың айтуынша, төртінші рет ұйымдастырылған бұл ауқымды шара Алматының әлемдік цирк өнеріндегі беделін нығайтты.


Бөлісу