Басты Жаңалықтар Ұлттық өнердің ұстаханасы жаңартылады

Ұлттық өнердің ұстаханасы жаңартылады

Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы республикалық мамандандырылған музыкалық мектептің жаңа ғимараты салынады. Жоба мемлекет қаржыландыруымен жүзеге асырылып, тарихи білім ордасының дәстүрін сақтап, оны заманауи талаптарға сай жалғастыруға бағытталған. 80 жылға жуық уақыт ішінде бұл мектептен талай танымал өнерпаз түлеп ұшты. Енді жаңа буын музыканттары үшін заманауи әрі қолайлы білім алу мүмкіндіктері арта түспек.
Бұл – осыдан 78 жыл бұрын Алматыдағы дарынды балаларға арналған музыка мектебі ретінде ашылған оқу ордасы. Кейін оған қазақтың тұңғыш опера жұлдызы, КСРО халық әртісі Күләш Байсейітованың есімі берілді. Еліміздегі кәсіби музыкалық білімнің қара шаңырағы жүздеген білікті музыкантты, дирижерді, композиторды, опера әншісін тәрбиелеп шығарды. Солардың бірі – талантты дирижер Ерболат Ахмедьяров. Оның айтуынша, бұл бірегей мектеп заман талабына сай жаңарып, болашақ ұрпаққа қызмет ете беруі тиіс.
Ерболат Ахмедьяров, дирижер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
Бұл кәдімгі мамандар дайындайтын жер. Осы музыкаға, мәдениетке қарасты мамандарды дайындайтын жер. Жаңадан тарих жазылмайды, болған тарих жалғасып, жаңа ғимаратта жалғасады деп ойлаймын. Осы заманға сай үлкен етіп, алдағы жас таланттарды әлі де анықтап, шығарып, оған демеу беріп, оларды тәрбиелеп шығару үшін жаңа мектеп керек.
Мектептің басты ерекшелігі – жалпы орта білім мен кәсіби музыкалық дайындықты қатар ұштастыратын бірегей жүйесінде. 480 балаға арналған білім ордасынан кіл мықтылар шықты. Өнерпаздар ғимараттың жаңартылуы – уақыт талабы дейді.
Әли Оқапов, әнші, халықаралық байқаулардың жеңімпазы:
Мекенжай өзгермейді. Дәл сол жерде. Бірақ жаңа залдар пайда болады, жалпы оқу бөлімдерін барлығы кеңейгеннің өзі бізді қуантады.. Әрине жөнделуі керек, дамуы керек. Және де болашаққа деген үлкен ықпалын тигізеді деген сенімдеміз.
Күләш Байсейітова атындағы мектеп – қазақ музыка өнерінің талай буыны қалыптасқан шығармашылық орта. Жаңа ғимаратта осы дәстүр жалғасып, жас таланттардың кәсіби дамуына жаңа серпін бермек.

Бөлісу