Маңғыстаудың жартас мешіттері Дүниежүзілік мұралар тізіміне қосылды
Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұралары әлемдік деңгейде мойындалды. Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан Үпі жартас мешіттері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енді. Бұл шешім Кореяда өткен Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-сессиясында қабылданды.
Қазақстанның мәдени мұралары ЮНЕСКО-ның тізімін тағы бір мәрте толықтырды. Біздің тарихи нысандар дүниежүзілік рухани қазыналардың қатарына соңғы рет 22 жыл бұрын қосылған еді. Мемлекет басшының бастамасымен бұл бағыттағы жұмыс қайта жанданып, жаңа деңгейге көтерілді.
Ерлан Қарин, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:
Бұл – еліміз үшін үлкен оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда көтерген бастамасы орындалды. Бұл біздің ұлттық мұрамыздың, ұлттық мәдени, тарихи мұрамыздың кеңірек насихатталуына жол ашады және де еліміздегі отандық туризмнің дамуына тағы бір серпіліс береді деген үміттеміз. Сондықтан тағы да барша қазақстандықтарды осы маңызды шешіммен құттықтаймын.
Маңғыстаудың жартас мешіттері өз заманында білім ошағы болған бірегей орталықтар. Бұл мұраларда халқымыздың тарихи жады, ата-баба аманаты сақталған.
Нұрлан Құлбай, Маңғыстау облысы мемлекеттік архивінің басшысы, тарихшы:
Мұны әуел баста Әбіш Кекілбай ағамыз үнемі айтып отырды. Маңғыстаудың ескерткіштерінің ескі қалпы жақсы сақталған. Жерасты мешіттері мен қорымдарын бүкіләлемдік тізімге өткізу керек деген болатын.
Біздің тарихи мұраларымыз адамзатқа рухани азық. Тіпті туризмге де темірқазық. Тек мәртебесі Бүкіләлемдік тарихи нысандар қатарында аз болғаны қолбайлау еді. Енді бұл мұралар әлем назарын аудартады. Әрі оларға жылдар өтсе де, ешкім зиян келтіре алмайды.
Балтабай Болапан, «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» мекемесінің директоры:
Бұрын таяу шетел ғана қамтылса, енді бүкілі қарайды. Бұған және 2027-2032 жылдар аралығына арналған жоспар жасақталды. Енді келетін туристер нөпіріне біз төтеп беруіміз керек. Бірінші кезекте соларға апаратын инфрақұрылымды қараймыз, жолдарды, визит центрлерді.
Тарихи нысандарды дүниежүзілік тізімге қосу әсте оңай шаруа емес. Әуелі ондаған ғылыми зерттеу жүргізіледі. Бәрі халықаралық талаптарға сай болуы тиіс. Бұған кемі 5 жыл керек. Десе де, арнайы құрылған ұлттық комиссия мүшелері мен еліміздің Сыртқы істер министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы әрі уақыты орындай білді, дейді сарапшылар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы