Маңғыстау облысында газ өңдеу зауыты мен жаңа әуежай салынуда
Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба келесі жылы іске қосылып, жылына 900 млн текше метр табиғи және ілеспе газ өндірілмек. Ал Кендірлі әуежайын биыл жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында осы және өзге де стратегиялық маңызы бар өндірістік, энергетикалық және туристік нысандардың жұмысымен танысты.
Премьер-министрдің бірінші орынбасарына Ақтау халықаралық әуежайында мультимодальды логистикалық және авиациялық хаб құру жобасы таныстырылды. Кешенде әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу, әуе жүктерін тасымалдау, мамандар даярлау және логистикалық қызметтерді бір алаңға шоғырландыру көзделген. Нұрлыбек Нәлібаев одан әрі «Кендірлі» әуежайының құрылыс барысын көрді. Жоба биыл жыл соңында пайдалануға берілмек.
Ерасыл Мұсағалиұлы, мердігер мекеменің инженері:
4 кезеңге бөлінген аэропорт құрылысы. Бірінші кезең бойынша 95 пайызға сыртқы инженерлік желілер бойынша жұмыстар аяқталып жатыр және екінші кезең бойынша взлетка тоже 80-90 пайызға келіп қалды және үшінші кезең, төртінші кезең бойынша зданиялардың каркасы толық қаланды.
Құрылыс алаңында 200-дің үстінде адам жұмыс жасап жатыр. Енді бұның жалпы құны 544 млрд теңге. Қазіргі таңда ҚХР-да осы зауыттың барлық керек оборудованиелері заказ берілген. Жалпы келесі жылдың июль айында барлық оборудованиелер осы жерге келіп, монтаждалуы керек.
Ақтауда салынып жатқан «Нұр» санаторлық-сауықтыру кешенінің басты ерекшелігі – жерасты табиғи термалды суын емдік мақсатта пайдалану. 320 орындық шипажай мен оңалту орталығы биыл іске қосылып, тұрақты 100 жұмыс орны ашылмақ. Премьер-министрінің бірінші орынбасары одан кейін, «ҚазАзот» мекемесінің өндірістік қызметімен және аммиак-карбамид кешенінің құрылысы жобаларымен танысты. Содан соң «МАЭК» ЖШС-нің жұмысын және алдағы жылыту маусымына дайындық барысын тексерді. Ақтау қаласында салынып жатқан қуаты 160 МВт бу-газ қондырғысының құрылыс-монтаждау жұмыстары 70%-ға орындалған. Жоба 2027 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға берілмек.
Ерболат Ибрагимов, «МАЭК» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:
Қазіргі таңда 3 қазандық агрегаттың және 1 турбоагрегаттың жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды. Қыркүйек айының 15-18 жұлдыздары аралығында қаланың магистралдық және шағын аудан ішілік жылу құбырларының гидравликалық сынақтары жоспарланып отыр.
Ақтау және Құрық порттары мен Ақтау халықаралық контейнерлік хабының жұмысы да назарға алынды. Контейнерлік хабтың жобалық қуатын жылына жиырма футтық 240 мың контейнерге жеткізу көзделген. Порттардың дамуы Каспий арқылы жүк тасымалын ұлғайтып, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыра түспек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы