Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды
Солтүстік Қазақстан облысы мен Татарстан Республикасы арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Петропавлда өткен халықаралық сабантой мерекесіне Татарстан Раисы Рустам Минниханов бастаған 300-ден астам адамнан құралған делегация келді. Екі жақты келісім экономика, мәдениет және басқа да салалардағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Петропавлда қаласында татар халқының көрнекті ақыны, публицист Ғабдолла Тоқайға арналған ескерткіш ашылды. Оның еңбектері қазақ әдебиетімен тығыз байланысты.
Данис Шакиров, Дүниежүзі Татарлары конгресі ұлттық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары:
Бұл тарихи оқиға. Қазақстанда Ғабдолла Тоқайға арналған үшінші ескерткіш ашылып жатыр. Ол Орал қаласында 12 жыл тұрып, талай шығарма жазған. Қазан шаһарында қазақтың Ұлы ақыны Абайдың ескерткіші бар. Қазақ халқы мен татар халқының достығы мәңгілік жалғасады деп ойлаймын.
Шара барысында қонақтар Мағжан орталығына барып, ақынның өмірі, шығармашылық мұрасымен танысты. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов татарстандық делегациямен кездесіп, екі тарап бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды. Ұлттық спорт жарыстары да мерекенің ажарын ашты. Жеңімпазға Татарстан Раисының атынан темір тұлпар сыйға тартылды.
Мерекелік концерт барысында қазақ және татар халықтарының әндері шырқалып, ұлттық билер орындалды. Татарстаннан келген шығармашылық ұжымдар мен жергілікті өнерпаздар көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.
Досбол Әбдірейісов, Мәдениет басқармасының басшысы:
Бұл ауқымды іс-шара. Екі ел арасындағы мәдени көпір ретінде деп білеміз. Өйткені, өздеріңіз көретіндей, қаншама мәдени алаңдар ұйымдастырылған, сонымен қатар, міне «Қызылжар шеберлері» атты халықаралық қол шеберлерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Омбы қаласында өткен Қазақстан мен Ресей форумында өңірлер арасындағы тікелей байланысты дамыту екі елдің ынтымақтастығын нығайтатынын атап өтті. Бұл бастама Солтүстік Қазақстан облысында өткен «QYZYLJAR SABANTUI» халықаралық мерекесінде нақты көрініс тапты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы