Басты Жаңалықтар Қарызды өтеу: Коллекторлардың қызметі өзгереді

Қарызды өтеу: Коллекторлардың қызметі өзгереді

Борышкердің дерегі бөгде адамға берілмейді, берешекті банк өзі реттейді. Бұрын азаматтар несиесін төлей алмаса, қаржы ұйымдары оның жеке мәліметтерін коллекторлық агенттіктерге сататын. Ал енді қарыз алушы туралы ақпаратты арнайы ұйымға беруге болмайды. 1 мамырға дейін мараторий енгізілді. Сонда банктер мен микроқаржы орталықтары өз қаражатын қалай қайтарады?

Ақниет Балтанова, тілші:

Енді банктер жеке тұлғалар үшін 9,5 млн теңгеден, ал микроқаржы ұйымдары 4 млн 800 мың теңгеден артық кепілсіз несие бере алмайды. Кредитін кешіктіріп төлейтін азаматтардың қайта қарыз алуы қиындайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа ереже бекітті.

Елдегі барлық қаржы ұйымдары, мәселен, банктер, инвестициялық компаниялар, микроқаржы орталықтары, валюта айырбастау пунктері  - қандай қызметті ұсынса да, тұтынушыға мейлінше тиімді етуге, оның талап-шарттарын егжей-тегжейлі түсіндіруге міндетті.
Олжас Рамазанов, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы:

Қаржы ұйымдары тұтынушыларға зиян келтіруі мүмкін. Қаржылық өнімдер тәуекелдерін анықтауға, бағалауға және барынша азайтуға міндетті болады. Қажет болған жағдайда шарттарын өзгертуі немесе тоқтатуы тиіс. Яғни шарт жасамас бұрын қаржы ұйымдары өнімнің клиенттің мақсаттарына, қаржылық мүмкіндіктері мен қажеттіліктеріне сәйкестігін бағалауға мүдделі.
Бұл талаптардың сақталуын қаржы омбудсмені қадағалайды. Оның қоғамдағы рөлі күшейеді. Сондай-ақ проблемалық несиелерді реттеу қарыз беруші ұйымның өзіне жүктеледі. Яғни бұрынғыдай коллекторлық агенттіктерге сатуға болмайды. Келер жылдың 1 мамырына дейін мараторий енгізілді.

Сондықтан банк яки микроқаржы ұйымы борышкердің төлем мерзімін ұзартып, өсімпұлдарын кешіріп, дұрыс төлем кестесін құрып, мәселені өзі реттейді. Бұл өзгеріс қазірден-ақ нәтиже бере бастады.

Қарызын уақытылы төлемеген борышкерлер саны 877 мыңнан 341 мыңға азайды. Қаржы ұйымдары 142 мыңнан астам әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардың несиесін толық кешірді.

Жанар Қожабаева, қаржыгер:

Банктер бұрынғыдай оңайлықпен коллекторлық агенттіктерге беріп тастамай, бірінші өздері сол қарызды реттеу талабы қойылады. Яғни, коллекторлық агенттіктер бірінші күннен бастап, барлық жеке тұлғалардың жанын алмай, өздері максималды түрде сұрақтың екіжаққа тиімді шешілуін қарауы тиіс, жаңа ереже бойынша.

Ал азаматтың бір емес, бірнеше қарызы болса, сондай-ақ ол несие әртүрлі қаржы ұйымдарынан алынса, бәрін біріктіріп, бірыңғай төлем кестесін жасауы керек.

Жаңа ережеде бұл мәселе де қарастырылған. 1 шілдеден бастап  Finkelisim.kz  бірыңғай цифрлық платформасы жұмыс істеп тұр. Мұнда азаматтар проблемалық берешегін «бір терезе» қағидаты арқылы соттан тыс шешеді.

Бөлісу