Басты Жаңалықтар Ертең «Qazaqstan» телеарнасында ұлттық теледебат өтеді

Ертең «Qazaqstan» телеарнасында ұлттық теледебат өтеді

«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар арасында ұлттық теледебат өтеді. Биылғы пікірсайыстың тақырыбы – «Қазақстанның болашағы – адам капиталы». Дебат барысында жеті саяси партияның өкілдері бір алаңда бас қосып, өз партияларының сайлауалды бағдарламаларын таныстырады. Ел дамуының басым бағыттары бойынша партиялық ұстанымдарын жеткізеді. Саяси пікірсайыс барысында көрермендердің сауалдары мен ұсыныс-пікірлерін қабылдау үшін арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді. WhatsApp пен әлеуметтік желілер арқылы жолданған сұрақтар тікелей эфирде қатысушыларға қойылады. Ұлттық теледебат ертең, 29 шілде күні сағат 19:25-те «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан және телеарнаның әлеуметтік желідегі ресми парақшалардан тікелей эфирде көрсетіледі.

Жалғас Сәдібекұлы, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының директоры:

Биылғы Ұлттық дебат бұрынғы форматтардан түбегейлі өзгеше ұйымдастырылуда. Бірнеше жаңалығы бар: саяси партия өкілдері брендтелген автобустармен келеді. Мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар елдерінде қолданылғанымен, елімізде алғаш рет енгізіліп отыр. Сол арқылы қоғамның саяси үдеріске қызығушылығын арттыруды көздеп отырмыз. Бұдан бөлек теледебат басталар алдында партия өкілдері Этика хартиясына қол қояды. Сол арқылы заң талаптарының сақталуына, қарсыласқа құрметпен қарауға, жалған ақпарат таратпауға міндеттеледі. Оған қоса партиялардың сөйлеу кезегі рандомайзер арқылы анықталады. Яғни, ешбір тарапқа артықшылық берілмейді, барлығы кездейсоқ сандар арқылы реттеледі. Осы арқылы біз саяси доданың әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз етеміз.
Бөлісу