Құрылтай сайлауының үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті
Елімізде тұңғыш рет өтетін Құрылтай сайлауының үгіт жұмыстары қыза түсті. Саяси додаға қатысып жатқан 7 партияның кандидаттары еліміздің әр өңіріне барып, сайлаушыларымен кездесіп жүр. Тұрғындарға тұғырнамасын таныстырып қана қоймай, ел-жұртты мазалаған мәселелін тыңдап, ұсыныс-пікірлеріне де назар аударуда.
«Әділет» партиясының кандидаттары еңбек ұжымдарымен кездесті
«Әділет» партиясының кандидаттары Атырауға барды. Бірінші Атырау мұнай өңдеу зауыты ұжымымен кездесті. Қатысушыларға саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Кездесу ашық диалог форматында жалғасты. Кәсіпорын қызметкерлері өндірісті цифрландыру, экологиялық қауіпсіздік, кадр даярлау, отбасы құндылықтарын нығайту және құқықтық мәдениетті арттыру мәселелерін көтерді. Одан соң партиялықтар TEXOL вагон жасау зауытына, «Ембімұнайгаз» кәсіпорнына барды. Онда жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, мұнай-газ саласын одан әрі дамыту секілді мәселелер талқыланды.
Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:
Біз бұл зауыттың жұмысын мақтан тұтамыз және әрі қарай да стратегиялық даму жоспарымен танысып шықтық, соны біз қолдаймыз. Мемлекеттің стратегиялық мүдделеріне сай келетін жоспар.
ЖСДП кандидаттары тұрғындармен кездесті
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның кандидаттары
Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданы тұрғындармен жүздесіп, ауыл өміріндегі
өзекті мәселелерді талқылады. Кездесу барысында жолдардың жай-күйі, коммуналдық
инфрақұрылымды жаңғырту жайы сөз болды.
Ал Алматы облысында кандидаттар жиһаз цехының ұжымымен кездесті. Өндірістегі еңбек жағдайын көріп, жұмысшылардың ұсыныстарын тыңдады. Дәл осындай үгіт-насихат Қызылорда облысында да жалғасты.
Ерғазы Қожақов, ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы:
Бұл жерде бірнеше сұрақ көтерілді. Біріншісі - тамақ өнімінің бағасын төмендету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды қалай жетілдіру, сосын зейнетақы жасын төмендету бойынша. Біз бұлардың барлығын алдағы жұмыс жоспарларымызда ұсынамыз.
«Байтақ» партиясы «Көліксіз бір күн» челленджін ұйымдастырды
Үгіт-насихат науқаны аясында «Байтақ» жасылдар партиясы «Көліксіз бір күн» челленджін ұйымдастырды. Саяси ұйым мүшелері темір тұлпарларынан бас тартып, бірі жаяу, бірі велосипедпен, енді бірі LRT-мен қатынады. Жолаушылармен тілдесіп, оларға партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Халықты толғандырған мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын қарастырды. Айта кетейік, «Байтақ» жасылдар партиясы Құрылтай депутаттығына 47 кандидат ұсынған.
Азаматхан Әміртаев, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:
Адамдар өзінің денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Егер ауа лас болса, суымыз лас болса, ол бірден адамның денсаулығына әсер етеді.
ҚХП білім беру саласының өкілдерімен кездесті
Қазақстан Халық партиясы Астанада білім беру саласының өкілдерімен кездесу өткізді. Басқосуға мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары, жекеменшік мектеп жетекшілері мен педагогтар қатысты. Жиын барысында білім беру жүйесін жетілдіру, педагогтердің мәртебесін нығайту, мұғалімдерді қолдау тетіктері және білім сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ салада қордаланған өзекті түйткілдер мен оларды шешуге бағытталған ұсыныстар ортаға салынды. Еркін пікір алысу форматында өткен кездесуде педагогтер өз тәжірибелерімен бөлісті.
Ләззат Сүлеймен, Қазақстан халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Сапалы қолжетімді білім тек қана үлкен қалаларда, үлкен мектептерде ғана емес, ауылда, әр балағы жеткілікті болуға тиіс. Алдағы уақытта Халық партиясы еңбек адамы бар барлық жерге баруға тырысады. Бүгін білім болса, ертең денсаулық, өндіріс. Металлург, шахтерлармен де - осы еңбек адамы бар жерлердің бәрін қамтуға тырысамыз.
ҚХП-ның сайлауалды штабы ашылды
Сондай-ақ Алматыда Қазақстан Халық партиясының қалалық сайлауалды штабы ашылды. Партия белсенділері брифинг өткізіп, штабтың атқаратын жұмысымен таныстырды. Оның құрылымы мен жүктеліп отырған міндеттерді айтып берді. Жиында қаланың 8 ауданында үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру, мобильді топтардың қызметі, кәсіпорындар мен ұйымдарда өткізілетін кездесулер талқыланды.
«Ауыл» партиясының кандидаттары еңбек ардагерлерімен кездесті
«Ауыл» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ақмола облысы, Ақмол ауылындағы «Аман Ет» компаниясының еңбек ардагерлерімен кездесті. Саяси ұйым өкілдері сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, көпшіліктің ұсыныс-тілегін тыңдады. Жиын барысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, азық-түлік өндірісін қолдау, сондай-ақ елді мекендегі басқа өзекті мәселелері сөз болды. Қатысушылар еңбек жағдайына, маман тапшылығына, саладағы түйткілдерге қатысты пікір білдірді.
Нұрай Өміржан, «Ауыл» партиясының мүшесі:
Зейнеткерлермен елді мекендерді жасылдандыру, абаттандыру мәселесін талқыладық. Сосын ең өзекті тақырыптардың бірі - жастардың қалаға кетпей, ауылда қалуы үшін не істеу керек, қандай жағдай жасау керек? Осы жөнінде пікір алмастық.
«Ақ жол» партиясының өкілдері еңбек ұжымымен кездесті
«Ақ жол» демократиялық партиясы өкілдері Ақмола вагон жөндеу зауытының еңбек ұжымымен кездесті. 85 жылдық тарихы бар кәсіпорында бүгінде 200-ден астам жұмысшы еңбек етеді. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, онда көзделген негізгі бағыттар мен бастамалар жөнінде ақпарат берілді. Сондай-ақ өнеркәсіп саласын дамыту, отандық кәсіпорындар мен кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды.
Дания Еспаева, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
Бүгін жақсы іс-шара өтті. Себебі жұмысшылар тек қана біздің бағдарламамызды тыңдамай, сонымен қатар өздерінің сұрақтарын қойды, себебі халықта көптеген сұрақ бар. Ол біздің заңдарға, Парламенттің шығарған заңдарына байланысты. Сондықтан бүгін тек қана үгіт-насихат емес, сонымен қатар біз осы соңғы ең кемі үш жылға шығарған заңдарымызды түсіндіру.
«Respublica» партиясының өкілдері Семей жастарымен кездесті
Семейде өндірісті дамыту, кадр даярлау және логистика мәселелері талқыланды. Respublica партиясының өкілдері қаладағы бірқатар өндіріс кәсіпорнында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Басқосу барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, теміржол тасымалы, логистиканы жетілдіру және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелері көтерілді. Сондай-ақ өндіріс орындарын білікті мамандармен қамтамасыз ету жайы сөз болды. Бұдан бөлек, партия өкілдері студент жастармен кездесіп, түлектерді жұмыспен қамту және жұмысшы мамандықтарының еңбек нарығындағы сұранысын талқылады.
Сырымбек Тау, «Respublica» партиясының тең төрағасы:
ҚР-да жұмысқа жарамды 11,5 млн адам бар. Бұл өте аз емес. Соның қазір 9 млн 200-і жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 50 пайызын орта және шағын кәсіп беріп жатыр. Өңір-өңірде, мысалы, біз Абай облысында тұрмыз, Алакөлдің жағасы деп айтсам болады. Туризм программаларына біз бұрын не істедік, алда не жоспар қойып жатырмыз - осының бәрін түсіндірудеміз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы