Басты Жаңалықтар Шымкентте қоқыс енді қуат көзіне айналады

Шымкентте қоқыс енді қуат көзіне айналады

 Шаһарда тұрмыстық қалдықтарды термиялық жолмен өңдеп, электр энергиясын өндіретін заманауи кешеннің құрылысы басталды. Ауқымды инвестициялық жоба өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жоба Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асады. Жаңа кешенде қалдықтар қоршаған ортаға залалсыз әдіспен өңделеді.

Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:

Жалпы, экологиялық қауіпсіздігімізді нығайтуға,  қазір ең актуал болып тұрған жасыл экономикамызды дамытуға мүмкіндік береді.

Қазір қалада бір күнде 700 тоннаға жуық қоқыс шығады. Жоба іске қосылса, тәулігіне мың тоннаға дейінгі қалдық өңделіп, 24 мегаватт электр энергиясы өндіріледі. Ал зауыттан шыққан күл құрылыс материалдарын жасауға пайдаланылады.

Мұрат Әбдірахманов, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

Шанси констракшн компаниясы КЕGOC-пен келісімшартқа отырып қойған. Толығымен жоба біткенде қалаға электр энергиясын береді.

Инвестициялық жоба Шымкент пен Қытайдың Сиань қаласы арасындағы әріптестіктің нәтижесі. Оған 54 миллиард теңге инвестиция тартылған. Құрылыс кезінде 300 адам, ал кешен іске қосылғанда кемінде 80 адам жұмыспен қамтылады.

Ян Хайшэн, «Shaanxi Construction» компаниясының төрағасы:

Жалпы, біздің бұл салада мол тәжірибеміз бар. Қалдықты өңдеу – әлемдегі ең бірінші мәселе. Сондықтан тұрмыстық қалдықты кәдеге жарату экологиямен қатар экономиканы да ілгерілетуге сеп болады. 

12 гектар аумақта бой көтеретін нысан 2028 жылы іске қосылады. Осылайша жоба қалдықтарды кәдеге жаратып қана қоймай, өңірдің энергетикалық әлеуетін де арттыруға ықпал етеді.

Бөлісу