Басты Жаңалықтар Ақ үйде Трамп пен Зеленский келіссөз жүргізді

Ақ үйде Трамп пен Зеленский келіссөз жүргізді


Ақ үйде Трамп-Зеленский келіссөз жүргізді. Тараптар Украинаның қорғанысын күшейту мәселесімен бірге Киев пен Мәскеуді келіссөздер үстеліне қайтару мәселесін де талқылады. 

Көптен бері Украинаға көмек бермеген Вашингтон кейінгі кездері Киевке қайта жылу қабақ танытып жүр. Өткен тәулікте екі елдің жетекшілері Ақ үйдің сопақ кабинетінде кездесті. Онда Дональд Трамп пен Владимир Зеленский Украинаның баллистикалық зымыранға қарсы Patriot жүйесін өндіру жоспары мен Ресеймен арадағы бейбіт келіссөздерді қайта жандандыру мәселесін талқылады. Екі президент нақты келісім жасамаса да, жүздесу нәтижесіне дән риза тәрізді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Украина президенті Зеленскиймен кездесу - үлкен мәртебе. Көп мәселелені талқыладық. Келіссөздер өте жақсы өтті.

Айта кетсек, Ресей кейінгі кездері Украинаға баллистикалық зымыранмен соққы беруді күшейтті. Ал мұндай ракетаны тек Американың «Пэтриот» зениталық кешені ғана атып түсіре алады. Шілденің басында Трамп осы қаруды Украинада өндіруге рұқсат бергені белгілі.

Сондықтан Зеленский АҚШ-қа сапарында әйгілі ATACMS ракеталарын, HIMARS қондырғыларын, F-16 ұшақтарын, Patriot зымырандарын шығаратын Lockheed Martin корғаныс компаниясына аялдап, ынтымақтастық мәселесін талқылады.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Біз президентпен Patriot жүйесіне арналған ұстаушы зымырандар өндірісіне лицензия алу мәселесін талқыладық. Сонымен қатар, дипломатия жайында да сөйлестік. Келіссөздер процесін ширату өте маңызды.

Тағы бір сөзінде Зеленский АҚШ Сенатына процедуралық дауыс беру барысында санкция туралы жобаны қолдағаны үшін алғыс білідірді. Бұл құжат Трампқа Ресейдің мұнайы мен газын сатып алған елдердің, әсіресе, Қытай мен Үндістанның тауарларына тарифті 100 пайызға көтеруге құқық береді.

Бұған дейін Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен күйеу баласы соғысты тоқтату проблемасын талқылау үшін тек Мәскеуге ғана барды. «Рейтердің» дерегінше, олар енді алғаш рет Киевке аттануға келіскен.

Зеленский әйгілі сенатор Линдси Грэмді ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қатысты. Айта кетсек, шілденің 11-де 71 жасында кенеттен қайтыс болған Грэм – Америка элитасында Украинаға көмекті қолдаған ықпалды тұлға болды.

Грэм 2022 жылдан бері Украинаға 10 рет сапар шеккен. Кейбір бақылаушылардың ойынша, одан айрылған шақта АҚШ әкімшілігінің Киевке қайта бет бұруы Украина үшін қуантарлық жағдай.


Бөлісу