Басты Жаңалықтар АҚШ-та чиптерді зерттейтін қондырғы орнатылады

АҚШ-та чиптерді зерттейтін қондырғы орнатылады


АҚШ-та микрочип өндірісін дамытуға арналған ірі жоба қолға алынды. Нью-Йорк штатындағы зерттеу орталығына әлемдегі ең озық чип жасау жабдықтарының бірі жеткізілді. Бұл технологияның ерекшелігі неде? Маңызы қандай? Толығырақ АҚШ-тағы тілшіміз Темірлан Нұржанұлы тарқатады.

Нью-Йорк штатында орналасқан Albany NanoTech кешеніне Нидерландтың ASML компаниясы жасаған литография жүйесінің алғашқы модулі жеткізілді. Бұл – шамамен 400 млн долларға бағаланатын жоғары технологиялық қондырғы. Ол келешекте микрочиптерді жобалауға қолданылмақ.

Дэйв Андерсон, NY CREATES президенті:

Бұл жасанды интеллект, кванттық технологиялар және болашақта қолданылатын барлық құрылғылардың жаңа буынын дамытуға арналған құрал. Ол АҚШ-тың жартылай өткізгіш технологиялары саласындағы көшбасшылығын ондаған жыл бойы сақтауға сеп болмақ.

Жаңа жүйе кремний пластиналарына бұрынғыдан да ұсақ әрі дәл микросхема үлгілерін түсіруге мүмкіндік береді. Ал бұл, өз кезегінде, чиптердің көлемін едәуір кішірейтіп, өнімділігін арттыруға жол ашады.

Мукеш Харе, IBM SEMICONDUCTORS бас директоры:

Чиптерді екі жолмен жетілдіруге болады. Біріншіден, транзисторлардың көлемін кішірейту. Екіншіден, оларды бірнеше қабаттап орналастыру. Осылайша шағын ғана аумаққа көбірек транзистор сыйғызуға болады. Сонда чиптердің өнімділігі артады, ал энергия тұтынуы мен өндіріс шығыны азаяды.

Мамандардың айтуынша, бүгін жасалып жатқан бұл технологиялар алдағы жылдары күнделікті қолданылатын құрылғылардың жұмысын өзгертетін жаңа буын чиптерінің негізі болады. Ал орталыққа жеткен қондырғы енді құрастырыла бастады. Жүйе толық іске қосылып, сынақтан өткеннен кейін чип өндірісін дамытуға жол ашпақ.


 


Бөлісу