Басты Жаңалықтар Отбасы құндылығы – Конституция қорғауында

Отбасы құндылығы – Конституция қорғауында

Астанада «Отбасылық саясат пен гендерлік әділеттіліктің конституциялық кепілдіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Конституциялық Сот отбасы, әйелдер мен ерлердің тең құқықтары, ата-ана мен баланың заңды мүдделерін қорғау мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ Конституциядағы жаңа нормаларды қолдану жолдарын талқылады.

Неке – ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы. Бұл туралы Конституцияның 30-бабында нақты көрсетілген. Сондай-ақ неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Бұл нормалар отбасы құндылықтарын қорғауға және әйелдер мен ерлердің теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Эльвира Әзімова, ҚР Конституциялық Сотының төрағасы:

Отбасын құру, бала тәрбиелеу, ата-ана мен баланың бір-біріне қамқор болуы – тек заңмен реттелетін мәселе ғана емес, қоғам өмірінің табиғи негізі. Сондықтан ҚР Конституциясының жаңартылған 30-бабын дәл осы тұрғыдан қарастыру маңызды. Балаға қамқорлық жасау – ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті, ал кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті екені белгіленген.

Комиссияның қолдауымен елімізде ер мен әйелдің одағын сақтап, отбасы институтын нығайту мақсатында 160 Отбасын қолдау орталығы тұрақты жұмыс істейді. Олар жыл басынан бері түскен 50 мыңнан астам өтінішті қарап, 43 мыңға жуық отбасыға кеңес берген. Сондай-ақ шаңырақ көтеруге ниетті жұптарға арналған әдістемелік құрал әзірленді. Оны білім беру ұйымдарында пайдалану жоспарланып отыр.

Снежанна Имашева, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:

Егер отбасы ішіндегі гендерлік теңдікті алсақ, бұл жалпы гендерлік тепе-теңдіктің бір бөлігі. Сарапшылардың айтуынша, еліміздегі отбасылардың басым бөлігінде гендерлік тепе-теңдік сақталған. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Бұл қағидатты одан әрі нығайтуымыз қажет.

Артур Ластаев, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл:

Былтыр бізге 10 мыңнан астам өтініш түсті. Бірақ шағымдардың басым бөлігі басқа мәселелерге қатысты болды. Себебі қазақ қоғамында отбасы институты дамыған және заң жүзінде қорғалған. Десе де оны одан әрі жетілдіре түсу қажет. Бұл жиынның мақсаты да – осы.

Ал осы бағыттағы құқықтық нормаларды түсіндіру мен жетілдіруге Конституциялық Сот өз үлесін қосып келеді.

Айжан Жатқанбаева, ҚР Конституциялық Сотының судьясы:

Соңғы үш жылда алимент мәселесі бойынша 100-ден астам өтінішті қарадық. Сонымен қатар бала асырап алу, бала күтімі кезеңін есептеу және баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-аналардың құқықтарына қатысты істер назарға алынды. Барлық шешімде гендерлік теңдік пен балалардың мүдделерін қорғауды бірінші орынға қойдық.

Конституциялық Соттың шешімдері отбасы институтын нығайтуға, ата-аналардың тең жауапкершілігін қамтамасыз етуге және ең бастысы – баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.


Бөлісу