«Әділет» партиясының өкілдері театр ұжымымен кездесті
Құрылтай сайлауының басталуына 24 күн қалды. Саяси науқан аяқталар уақыт жақындаған сайын партиялар белсенділігін арттырып жатыр. Саяси ұйым мүшелері өңірлерді аралап, халыққа сайлауалды бағдарламасын таныстырып, үгіт-насихат жүргізіп жүр.
«Әділет» партиясының өкілдері Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының ұжымымен кездесті. Жиын барысында мәдениет саласын дамыту, шығармашылық қауымдастықты қолдау жөніндегі өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, жиналғандар заманауи қалалық ортаны қалыптастырудағы өнердің рөлін сөз етті. Партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Сондай-ақ саяси ұйымның сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Ұлытау облысында жалғасты.
ЖСДП кандидаттары еңбек ұжымдарымен кездесті
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Жезқазғандағы қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсететін арнайы мекеме ұжымымен кездесті. Онда әлеуметтік саладағы өзекті мәселелер талқыланды.
Ал Өскемендегі үгіт-насихат көлік кәсіпорынында жалғасты. Партиялықтар ұжымға сайлауалды бағдарламасын таныстырып, жұмысшылардың ұсыныс-пікірін тыңдады. Дәл осындай шара Ақмола облысында да болды.
«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері еңбек ұжымымен кездесті
«Байтақ» жасылдар партиясы Алматыдағы ұлттық аңшылар мен балықшылар палатасы, сондай-ақ №66 мектеп ұжымымен кездесті. Жиында биоалуантүрлілікті сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері талқыланды. Қатысушылар табиғатты қорғау тұжырымдамаларын жүзеге асыру бойынша ой бөлісті. Мемлекеттік органдар мен қоғам арасында экологиялық түйткілдерді шешуде өзара ынтымақтастықты арттыру жайы сөз болды.
Қазақстан Халық партиясының кандидаттары тұрғындармен кездесті
Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар көкшетаулық тұрғындармен кездесті. Жиында ерекше білімді қажет ететін балалардың мәселесі жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға қатысты бірқатар ұсыныс айтылды. Кездесу ашық диалог форматында өтті. Кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Айта кетейік, сайлауға «Қазақстан Халық партиясы» атынан 72 үміткер қатысып жатыр. Оның ішінде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың үлесі 41%-тен асады.
«Ауыл» партиясының өкілдері медицина мамандарымен кездесті
«Ауыл» партиясының өкілдері петропавлдық дәрігерлермен кездесті. Жиын барысында кандидаттар сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды. Денсаулық сақтау саласын дамыту, медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту және әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды.
«Ауыл» партиясы «Ауылым-әнім» акциясын өткізді
Сондай-ақ саяси ұйым Алматыда «Ауылым-әнім» музыкалық акциясын өткізді. Қаладағы қоғамдық көліктерде қазақтың халық әндері шырқалып, тұрғындарға сайлауалды бағдарламасын таныстырып, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
«Ақ жол» партиясының өкілдері еңбек ұжымдарымен кездесті
«Ақ жол» партиясының үгіт-насихат жұмыстары Ақтөбе облысында жалғасты. Кандидаттар темірбетон мен құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорын ұжымымен кездесті. Онда Құрылтай сайлауының маңызы түсіндіріліп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Дәл осындай шара «Дару» клиникасында да өтті. Медицина қызметкерлері денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медициналық көмектің сапасын арттыру, дәрігерлердің мәртебесін көтеру жайы талқыланды.
«Respublica» өкілдері еңбек адамдарымен кездесті
«Respublica» партиясының өкілдері Павлодардағы Еуразиялық энергетикалық корпорацияның қызметкерлерімен кездесті. Жиында салық саясаты, моноқалалардың дамуы, кадр тапшылығы, жалақы мен еңбек қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, «Қызылжар құс» фабрикасының жұмысшыларымен жүздесіп, кәсіпорынның тыныс-тірлігімен танысты. Еңбек ұжымына партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары туралы баяндап берді. Ал «Respublica Jastary» ұйымының өкілдерімен кездесуде жастардың білім алып, жұмысқа орналасуы жөнінде пікір алмасты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы