АҚШ Иранға қайта соққы берді
АҚШ пен Иран арасында өткен жұмада уақытша тоқтаған атыс қайта басталды. АҚШ күштері Иранға ауқымды соққы берді. Ал мұның алдында Тегеран Иорданиядағы америкалық базаны зымыранмен атқылаған еді.
АҚШ пен Иран арасында бірнеше күндік тыныштық қайта бұзылды. Америкалық күштер Иранға екі сағат бойы жойқын соққы берді. Мұның алдында АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранның Иорданиядағы америкалық базаға шабуыл жасағаны үшін жауап беретінін мәлімдеген еді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Біз жойқын соққы береміз. Өйткені кезек бізге келді. Олар мұның болатынын біледі. Өткен түні олар бізге оқ атты. Бес зымыранның бәрі атып түсірілгенімен, бәрібір нысанаға тиді. Келісімге келе аламыз ба, жоқ па – оны кейін көреміз.
АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметінше, Иран Ислам революциясы сақшылары корпусына тиесілі ондаған нысанға, оның ішінде басқару пункттеріне, зымырандар мен дрондар орналасқан жерлерге, жағалауды бақылау және қорғаныс нысандарына соққы жасалған. «Рейтер» агенттігінің мәліметінше, Иранның оңтүстігіндегі Ахваз қаласында және АЭС орналасқан Бушерде жарылыстардың жаңғырығы естілген. Ал Кешм аралында зымыран тұрғын үйге түсті. Бұл жерде іздеу-құтқару операциясы жүріп жатыр.
13 күн бойы үздіксіз атыстан кейін Дональд Трамп Иранға соққы беруді өткен жұма күні уақытша тоқтатқан еді. Үзіліс келіссөздерге мүмкіндік беру үшін жарияланды. Алайда Иран Иорданиядағы АҚШ-тың әскери базасын зымыранмен атқылады. Мұны Ислам революциясы сақшылары корпусы АҚШ тарапынан үздіксіз жасалып жатқан соққыларға жауап деп атады.
Фархан Хак, БҰҰ баспасөз хатшысының орынбасары:
Тараптар келіссөзге келмесе, қақтығыс ауқымы кеңеюі мүмкін. Қазір солай болып та жатқан тәрізді. Бас хатшы Пәкістан, Қатар және басқа да елдердің арағайындығымен мәселенің дипломатиялық жолмен шешілуін қалайды.
Соғыс ақпанда АҚШ пен Израиль бірлесе Иранға соққы берген кезде басталды. Трамп операция аз уақытта аяқталады деген еді. Алайда тараптар Ормұз бұғазына қатысты келісімге келе алмай, уақытша жарияланған бітім де сақталмай отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы