Басты Жаңалықтар Ел жаңалықтарына шолу

Ел жаңалықтарына шолу

Алматыда 2 мыңға жуық отбасы баспаналы болады. Жеңілдетілген бағдарламамен пәтер кімдерге беріледі? Ертеңнен бастап түрік әуе компаниясы Қазақстанға тікелей рейстер ашады. Ұшақтар қай бағыт бойынша қатынайды? Толығырақ топтамада.

Түрік әуе компаниясы Қазақстанға тікелей рейстер ашады

31 шілдеден бастап Түркияның SunExpress әуе компаниясы Қазақстан нарығына шығып, Алматы – Измир бағыты бойынша тікелей тұрақты рейстерді іске қосады. Әуе сапары аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері орындалады.

Алматыда 2 мыңға жуық отбасы баспаналы болады

Алматыда тұрғын үй кезегінде тұрған тағы 1 971 отбасы жалға берілетін пәтер алу мүмкіндігіне ие болады. Оның ішінде 1 600-ге жуығы әлеуметтік осал топтарға, 376 пәтер басқа кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Сонымен қатар биыл «Алматы жастары» бағдарламасы аясында 4 мыңға тарта жас маманға баспана алуға мүмкіндік берілді.

«Қайрат» Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне өтті

Алматының «Қайрат» клубы Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матчта Кипрдің «Омониясын» 1:0 есебімен жеңді. Алғашқы кездесуде 0:1 есебімен ұтылғандықтан, екі матч қорытындысы бойынша есеп теңесті. Жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Онда алматылықтар 6:5 есебімен басым түсіп, Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды.

Қазақстан пара оқ атудан Әлем кубогында 4 медаль иеленді

Сербияның Нови-Сад қаласында өткен пара оқ атудан әлем кубогында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль иеленді. Жекелей сында Александр Пасхалиди 10 метрлік пневматикалық винтовкамен атудан жеңімпаз атанды. Ал командалық жарыстарда жерлестеріміз күміс және екі қола жүлдеге қол жеткізді.


Бөлісу