Ортақ мүдде жолындағы тарихи басқосу
Бүгін Қырғыз елінде Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуі өтеді. Бұл жолы президенттер қандай мәселелерді көтереді? Нені талқылайды? Саяси сарапшылардың пайымы қандай?
Шолпан-Ата, бұл Ыстықкөлдің жағасында орналасқан Қырғызстанның басты курорттық қаласы. Бүгін осы мекенде 6 елдің президенті бас қосып, ортақ мүдде мен мақсаттарды айқындайды. Орталық Азия елдері мен Әзербайжан басшылары бейресми форматта кеңес жүргізеді. Десе де, бұл жиынның саяси салмағы жоғары. Өйткені, күн тәртібінде аймақтық қауіпсіздік, экономикалық байланыстар мен алыс-берісті бекемдеу мәселелері тұр.
Асхат Қасенғали, саясаттанушы:
Бұл кеңесте негізінен талқыланатыны – сауда қатынастары, қауіпсіздік мәселелері, мәдени шараларды бірігіп жүзеге асыру. Бұл жердегі ең бастысы – экономикалық мәселелерді талқылау. Халықаралық деңгейдегі қазіргі әлемдік қауымдастықта қалыптасқан оқиғаларды, жайттарды бір талқылап, соған байланысты жүйелі, бірлесе әрекет етудің механизмін талқылайды деп айтсақ болады.
Әзербайжанның консультативтік кездесулер форматына қосылуы Орталық Азияның Каспий аймағымен және Оңтүстік Кавказбен байланысын күшейтіп, ынтымақтастықтың геоэкономикалық ауқымын кеңейтеді. Оның практикалық маңызы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға байланысты. Біз сөзбен айтқанда, көлік-логистика, порттарды кеңейту және олардың хаб ретіндегі мүмкіндіктерін арттыру басты мақсат болып отыр.
Бауыржан Әукен, ҚР Президенті Жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы:
Әзербайжанның Орталық Азия елдері үшін соңғы жылдары рөлі артып келеді. Оның бірден-бір мысалы – мемлекет басшыларының консультативтік кездесулері форматына енуі. 06:08 Бұл формат Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен Еуроодақтың Global Gateway бастамасын ұштастыруға және аймақ елдерінің өзара ынтымақтастығының күшеюіне әрі қарай серпін береді деп ойлаймын.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері өңірлік ынтымақтастықтың басты алаңына айналды. Осы кезге дейін жеті саммит өтіп, мемлекет басшылары қауіпсіздік, сауда, инвестиция, көлік-логистика, су-энергетика, экология, ғылым, білім және мәдениет салаларындағы ықпалдастықты күшейтуге бағытталған 25-ке жуық негізгі құжат қабылдады. Олардың қатарында Бірлескен мәлімдемелер, өңірлік ынтымақтастық жол карталары, «Орталық Азия – 2040» тұжырымдамасы бар. Бұл жолғы кездесуде де баршаға ортақ маңызды шешімдер қабылданады деген сенім бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы