Ел жаңалықтарына шолу
Тамыз айынан бастап бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді. «Ұмай» әйелдер ипотекасына құжат қабылдау басталып, алимент жаңа тәртіппен төленеді. Осы және өзге де жаңалықтар келесі топтамада.
«Ұмайға» өтінім қабылдау басталады
Тамызда «Ұмай» әйелдер ипотекасына өтінім қабылдау басталады. Бағдарламаға қатысушылар бастапқы жарнаны «Отбасы» банкіндегі депозитте жинауы тиіс. Ал алғашқы жарна – ірі қалаларда 20, өңірлерде 15 пайыздан басталады. «Ұмай» аясында 25 жылға дейінгі мерзімге 50 млн теңгеге дейін ипотекалық несие беру қарастырылған.
Алимент жаңа тәртіппен төленеді
Енді алимент арнайы банк шотына аударылады. Бұл өзгеріс осы жылы 24 маусымда қабылданған заңға сәйкес енгізіліп отыр. Мұндағы мақсат – алимент қаражатын толық сақтап, оны тек балаға немесе еңбекке қабілетсіз адамға жұмсау. Ал алимент алушы шот деректерін ұсынғанға дейін жиналған қаражат аударылмайды. Бұл уақыт аралығында алимент қарызы есептеле береді.
Түркиямен барыс-келіс артпақ
Қазақстан мен Түркия арасында барыс-келіс артады. AJET әуе компаниясы Астана – Анкара және Алматы – Анкара бағыттары бойынша рейстер санын аптасына екіден жетіге дейін ұлғайтады. Осылайша, екі бағыт бойынша да ұшақтар күн сайын қатынайды. Бұл екі ел арасындағы іскерлік, сауда-экономикалық және туристік байланыстарды одан әрі нығайтпақ.
Димаш Құдайбергеннің жаңа бейнебаяны жарық көрді
Бүгін Димаш Құдайбергеннің «Aqerke» әніне түсірілген жаңа бейнебаяны жарық көрді. Клип ә дегеннен көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Өйткені бейнебаян мағыналық тұрғыдан бай. Кең тынысты әншінің тыңдарманы тек елде ғана емес, Димаштың даңқы жаһан жұртына жайылған. Олар осы клип арқылы төл мәдениетімізбен де танысып жатыр. Бейнебаян Димаштың туған жері – Ақтөбеде түсірілген. Әннің әуенін де, әрлеуін де бүгінгі заманға бейімдеген. Бірақ әннің негізгі өзегі сол қалпы. Демек, Димаш «Ақерке» әнінің жаңа тынысын ашқандай.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы