Басты Жаңалықтар Көбейтұз көлі ерекше қорғауға алынды

Көбейтұз көлі ерекше қорғауға алынды

Суының қызғылт түсімен танымал Көбейтұз көлі Президенттің тапсырмасымен «Бұйратау» ұлттық паркінің құрамына енгізілмек. Қазірдің өзінде көл маңын қорғау шаралары басталып кетті. Жағалауға өту шектеліп, патрульдеу күшейтілді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын елордадан бар-жоғы 160 шақырым жерде орналасқан Көбейтұз туристер арасында ең сұранысқа ие табиғи орындардың біріне айналды. Алайда жылдан-жылға саяхатшылардың артуы көлге зиян тигізбей қоймады. Демалушылар жол таңдамайтын көліктерімен ағылып келіп, қоқыс қалдырып, тіпті емдік қасиеті бар деп, тұзды қаптап тасып әкетті. Нәтижесінде бірегей су айдынына айтарлықтай қауіп төнген.

Нұрлан Мұқатов, Ерейментау ауданының әкімі:

Әлемге танымал 40-тан астам осындай көл бар. Оның ішінде бәрімізге белгілі Австралияда екі көл бар, Африканың Сенегалында бар. Еуропада, Испанияда бар. Оның бірі - біздің Ерейментау аумағында, біздің визит карточка деп айтуға болады. Біздің еліміздің табиғи маңызды жерлерінің бірі деп есептейміз.

Президенттің тапсырмасымен көлге ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі беріледі. Ол үшін «Бұйратау» ұлттық паркінің шекарасы кеңейтіліп, құрамына Көбейтұздың акваториясы енеді. Жергілікті билік өкілдері іргелес аумақ толықтай абаттандырылатынын айтты. Таяу арада көл жағасында автотұрақ пен шолу алаңы пайда болады. Туристер бұл табиғи феноменді қашықтан тамашалап, суретке түсе алады.

Батыржан Әбілпейісов, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында және Көбейтұз көліндегі жүктеменің жоғары болуына байланысты Ақмола облысының әкімдігі бірнеше маңызды шара қабылдады. Жеке және заңды тұлғалардың көл аумағына кіруін әрі осында болуын шектеу үшін арнайы пост орнатылды. Ерейментау орман шаруашылығы мекемесінің, аудан әкімдігінің және полиция бөлімінің қатысуымен күнделікті патрульдеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар аумақта тыйым салу белгілері мен ақпараттық билборд орнатылды.

Әзірге әкімдік өкілдері өңір тұрғындарын енгізілген талаптарға түсіністікпен қарауға шақырады. Сондай-ақ бұл шаралар бірегей нысанның болашақ ұрпаққа еш бүлінбей жетуі үшін өте қажет дейді.


Бөлісу