Басты Жаңалықтар Ресейде қазақ мәдени орталықтарының саны артты

Ресейде қазақ мәдени орталықтарының саны артты

Ресейде қазақ мәдени орталықтарының саны жетпістен асты. Тек қана Омбы облысында 20-ға жуық ұлттық ансамбль жұмыс істейді. Жалпы, іргелес елде 500 мыңнан астам қандасымыз тұрады. Қазақы болмысты ұлықтап, салтын дәріптеп, мәдениетін насихаттау – басты парызымыз, дейді олар.

Қазақ мәдени орталықтарында ана тілі курстары, ұлттық қолөнер және көркемөнер бойынша шеберлік сабақтары тегін ұйымдастырылады. Мәскеу, Санкт-Петербург сияқты ірі қалалардан бөлек, қандастар көп шоғырланған Омбы, Астрахань, Түмен облыстарында да шағын орталықтар жұмысын бастады.

Гүлнар Шегебаева, Түмен облысының тұрғыны:

Біз, Ресей қазақтары, салтымызды дәріптеп, ұлттық кодымызды сақтау маңызды деп ойлаймыз. Барлық шарада өзіміздің әдемі дәстүрімізді көрсетіп, ана тілін жетік меңгеруге барымызды саламыз.

Жастар тарапынан домбыраға да қызығушылық жоғары. Ұлттық би топтары да халықаралық байқауларда жүлдегер. Әр өңірде қазақтардың құрылтайын өткізу дәстүрге айналған.

Дүйсенбай Бекқоженов, Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының жетекшісі:

Жастардың бойында ұлттық мәдениетімізге, дәстүрімізге деген сүйіспеншілікті арттыру керек. Сондықтан да шетелде тұрсақ та, ұлттық мерекелерді атап өтеміз. Қазақтың мәдениетіне өзге ұлт өкілдері де жоғары қызығушылық танытуда.

Ендігі мақсат – іргелес елде қазақ театрларының жұмысын жандандыру. Өйткені қандастар қазақы болмысты ұлықтап, дәстүр мен руханиятты жаңғыртуды көздейді. Сондай-ақ таза қазақ тілінде жарыққа шығатын журналдардың да саны көбейген.


Бөлісу