Испанияда бір тәулікте 49 мыңдай мигрант шекара қоршауын бұзып өткен
Әлем назары – Испанияда. Мароккодан шыққан ондаған мың мигрант бір тәулікте шекара қоршауын бұзып өтіп, Сеута қаласына басып кірген. Испания билігі анклавқа әскер кіргізді. Қауіпсіздік шаралары күшейгеніне қарамастан, мигранттар ел аумағына өтуден әлі де үмітті. Бұл жағдай Еуроодақтың ішкі шекараларының ашықтығына қатысты мәселенің көтерілуіне түрткі болды.
Испанияның Солтүстік Африкадағы анклавы Сеута қаласына бейсенбіде Мароккодан 49 мыңдай мигрант басып кірді. Олар құрлық және теңіз арқылы енген. Судан 19 адамның денесі табылды. Марокконың солтүстік жағалауында орналасқан Сеута Испанияның құрлықтағы бөлігінен Гибралтар бұғазы арқылы бөлінген. Қала жақсы тұрмыс іздеп, Еуропаға аттанатын мигранттар үшін негізгі пунктке айналған.
Бүгін Испания мен Марокко шекара қоршауын күшейтіп, жаппай миграцияны тоқтатты. Испания билігі Сеутаға әскери бөлімшелерді жіберген. Елге заңсыз кіргендер кері қайтарылатынын ескертті.
Реда, мигрант:
Шынымды айтсам, мұнда неліктен келгенімді білмеймін. Кері қайтамын. Дәл қазір. Кешеден бері нәр татпадым. Ұйықтаған жоқпын.
Дегенмен Испания үкіметінің мәлімдеуінше, мигранттар ағымына Жоғарғы соттың ай басындағы шешімі түрткі болған тәрізді. Оған сай, Сеутаға теңіз арқылы кірмек болғандарды бірден кері қайтаруға тыйым салынды. Оның үстіне жақында Испания құжатсыз жүрген 500 мың мигрантқа заңды мәртебе беру бағдарламасын іске қосқан. Миграциялық дағдарысқа осы факторлар да әсер етіп отыр.
Хосе, жергілікті тұрғын:
Бұл – ұят жағдай. Дональд Трамп сияқты депортациялауды бастап кету дұрыс шешім дер едім. Алдымен шекараны бұзып өтпек болғандарды тоқтату үшін әскери-теңіз флотын жұмылдыру қажет.
Сеута мэрі ел үкіметіне мигранттардың жаппай ағынына байланысты төтенше жағдай жариялауды ұсынды. Ал Италия болса, Испания премьерінің көші-қон саясатын сынға алды. Премьер-министр Джорджа Мелони қауіпсіздік үшін Испаниямен арадағы Шенген келісімінің күшін уақытша тоқтата тұруға дайын екенін жеткізді. Франция болса, шекарадағы бақылауды күшейтуге кірісті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы