Ресейге қарсы ең ірі санкциялар пакеті қабылданды
Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялардың 21-пакетін бекітті. Жаңа шектеулер аясында 170 ұйым мен 48 жеке тұлғаға санкция салынды. Сондай-ақ 100-ден астам банк пен криптовалюта операторлары, «көлеңкелі флотқа» жататын 40-тан астам кеме кірді. Еуропалық одақ бұл соңғы төрт жылдағы ең ірі санкциялар пакеті екенін мәлімдеді.
Жаңа санкциялық тізімге Ресей мен Беларусьтегі бірнеше мұнай өңдеу кәсіпорны және әскери-өнеркәсіп кешеніне қатысы бар 50-ден астам компания енген. Сонымен қатар Еуропалық одақ Ресей мұнайына белгіленген шекті бағаны қайта қарау механизмінің қолданылуын бір жылға тоқтатты. Яғни әлемдік мұнай бағасы өссе де, Ресей одан табыс таба алмайды.
Марсель Салихов, РФ Энергетика және қаржы институтының президенті:
Әрине, Ресей мұнай экспортын тоқтатпайды. Бірақ қара алтынның шекті бағасы тағы төмендейді. Осыған дейін де жүздеген танкер санкциялық тізімге ілікті. Ресей қазынасына түсетін қаражат тағы азаюы мүмкін.
Қаржы секторында 94 банк пен ірі қаржы институтының активтері бұғатталып, оларға қаражат беруге тыйым салынады. Сонымен қатар тағы 33 ресейлік банк пен қаржы ұйымымен мәміле жасауға шектеу қойылды.
Мария Ермилова, экономист:
Қор нарығында құлдырау бар, оны мойындау керек. Бұл сыртқы және ішкі факторларға байланысты. Бағалы қағаздардың құны түсіп, металлургия, өнеркәсіп салалары да айтарлықтай зардап шегеді. Елге инвестиция тарту қиындай түседі.
Импортқа қатысты шектеулер де кеңейтілді. Тыйым салынған тауарлар қатарына мыс, никель, қорғасын және бағалы металдардың кені, мырыш, мырыш пен хром оксидтері, шыны бұйымдары, жасанды інжу және автокөлік бөлшектері енгізілді. Жаңа шектеулердің салдарынан елде алдағы айда инфляция 15 пайыздан асады, дейді экономистер.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы