Басты Жаңалықтар Лудоманияға қарсы шектеулер оң нәтиже беріп жатыр

Лудоманияға қарсы шектеулер оң нәтиже беріп жатыр

eGov.kz арқылы құмар ойыннан бас тартудың оң нәтижесі бар. Лудомания дертіне шалдығып, емделіп шыққан азаматтар осындай пікір білдірді. Айта кетейік, елімізде 500 мыңға жуық азамат құмар ойындарына қатысудан өз еркімен шектеу қойған. Жалпы, құмар ойынның салдары қандай және одан айығудың жолы қайсы? Әріптесім Азамат Бейбітұлы бірнеше кейіпкерден сұрап көрді.

Әділет Бектұр 8 жыл құмар ойында жүрген. Бас-яғы 100 млн теңгедей ұтылған. Ондай ақша өзінде әуелден жоқ. Қарызданып, маңайын алдаған.

Әділет Бектұр:

Басында дым білінбейді бұл құмарлық. Кейін өзің бақыламай қаласың, қалай осы күйге жеттім дейсің. Уақытың өтіп кеткенін байқамай қаласың. Мен 23 жасымде енді оқу бітіріп, үлкен өмірге қадам басып жатқан кезімде осы нәрсеге ұшырадым, бүкіл жастық шағымды, жұмысқа арнайтын уақытымды ойынға, елді алдауға көп құртып қойдым да, әлі де кеш емес, қолымнан келгенін әлі түзетемін, өзім сенімдімін соған.

Әділет емделіп шықты. Бәс тікпегелі бір жылға жуықтаған. Ол сотталып кетпей тұрып, ес жиғанына қуанады. Бірақ түрмеге түскендері қаншама?!

Шүкір Хамит, аддиктолог:

Бейресми статистика бар ғой, сол бейресми статистикада түрмеде отырған әрбір екіншісі лудоманияның кесірінен отыр. Бірақ баптары бөлек. Алаяқтық, ұрлық, есірткі, бірақ түбін қарасаңыз - лудомания.

Сұлтан Төлеуханов лудоманияның салдарынан 4 жылға сотталып, жазасын өтеп шыққан. Қазір ол да теріс әдеттен тыйылған.

Сұлтан Төлеуханов:

Орта есеппен 300-350 млн теңге ұтылдым. Бірақ мен қарапайым отбасыдан шықтым. Тапқан ақшамды салдым, ұрлай бастадым, алдай бастадым, қарыз алдым, алаяқтық жасаумен де айналысқан уақыттарым болды. Өйткені таңертең оянған әрбір игроманның ойы ақша қайдан табамын?!

Құмар ойынға әр адам әртүрлі жағдайда тап болады. Көбіне бұл ортаға байланысты.

Лудоманияға қарсы күрес күшейді. Бірқатар заң қабылданып, шектеулер енгізілді. Адам eGov.kz арқылы өзін-өзі ұзақ жылдарға бәс тігуден шектей алады.

Сұлтан Төлеуханов:

Ойнатын адам, иә, ол табады. Ойнайтын жерді, біреудің телефонымен ойнауы мүмкін, біреудің есебінен ойнауы мүмкін. Бірақ өз-өзіне шектеу қойғаннан кейін қазір басына ой келсе, қазір ойнаймын деген кезде ол кіре алмайды. Өйткені аккаунттың бәрі блокта, өзіне шектеу қойып тастаған. Сол бір 5 минут адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Өйткені ол іздейді, біреуге айтады, сол уақытта не істеп жатырмын деп тоқтап қалуы мүмкін.

Шүкір Хамит, аддиктолог:

Заңды депутаттар қабылдады ғой,рахметімді айтқым келеді. Әскерилер көп келетін болды, өздері көмек сұрап. Өйткені жұмыстан шығара бастады ғой, бұл заң халық үшін өте жақсы қабылданды.

Мамандардың айтуынша, лудоманиядан емделуге болады. Тек білікті мамандардың, арнайы орталықтардың көмегіне жүгіну керек.

Шүкір Хамит, аддиктолог:

99,9 пайыз емделуі керек. Терапия алуы керек. Терапия алмағанша адамға қиын болады. Неге десеңіз, ол түсінбейді. Олар неге суицидқа жүгінеді, себебі олар өз-өзін түсінбейді. Жынды емес, бірақ кеңкелестің әрекетін істейді.

Лудоман – өзін ғана емес, маңайын, жақындарын да тығырыққа тірейді. Сондықтан лудоманияның қандай да бір белгісі байқалса, бірден оны емдеуге ұмтылған дұрыс дейді мамандар. Өйткені бұл уақытша қызық немесе ермек емес, бұл – дерт. Бастысы – емделетін дерт.


 


 


 


 


 


Бөлісу