«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы өтті
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтініштерді қарау бойынша комиссия өз жұмысын аяқтады. Бүгін арнайы құрамның қорытынды отырысы өтті. Бес жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жоба талантты жастардың тың идеяларын қолдап, әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп келеді. Осы уақыт ішінде мемлекеттік грантқа 150-ден аса азамат ие болды. Биыл конкурсқа екі мыңнан астам өтінім түскен. Жыл өткен сайын қызығушылық танытқандардың қатары артып келеді. Әсіресе бизнес пен ғылым бағыттарына ұсынылған жобалар саны көбейген. Байқау сондай-ақ ақпараттық технологиялар, медиа, мәдениет және волонтерлік бағыттарды қамтыды. Биыл да сол алты бағыттан 30 үздік жоба іріктелді. Олардың әрқайсысына өз бастамасын жүзеге асыру үшін 3 миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант беріледі. Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жастарды қолдау Мемлекет басшысының мемлекеттік саясатындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі Астанада Халықаралық жастар күніне орай өтеді.
Біржан Әлімжанов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жастар және отбасы комитеті төрағасының орынбасары:
Өткен жылмен салыстырғанда қатысушылардың да тарапынан, іріктелген үміткерлердің де тарапынан да тек қана үлкен қалалар емес, сонымен қатар біздің өңірлерден де келген жастар бар және ауылдың өкілдері де бар. 30 жобаға зерделеп қарасақ, қай бағытты алып қарасаңыздар да ЖИ-мен байланысты жобалардың бар екенін байқауға болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы