Құрылтай сайлауына қатысатын саяси ұйымдардың үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті
Жеті партия, 545 кандидат. Қазір депутаттық мандаттан үміттілер өңірлерді аралап, халыққа сайлауалды бағдарламасын таныстырып жүр.
«Әділет» партиясы: Кандидаттар кеншілермен кездесті
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай бастаған Құрылтай депутаттығына кандидаттар Костенко шахтасына барып, кеншілермен кездесті. Жиында еңбек қауіпсіздігі, кәсіпорынды цифрлық жағынан жаңарту, кадр даярлау, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау және отандық өнеркәсіпті дамыту туралы сұрақ қойылды. Сондай-ақ саяси ұйым өкілдері 700 метр тереңдіктегі көмір шахтасына түсіп, жұмыс барысымен танысты. Айбек Дәдебай сапардың басты мақсаты – сайлауалды бағдарламаны таныстыру ғана емес, шахтерлердің қандай жағдайда еңбек етіп жатқанын көріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдау дейді.
Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:
Өздеріңіз білетіндей, «QarMet» компаниясын Президентіміз қолдап отыр. Соның арқасында кәсіпорынды отандық инвесторға қайтарып алдық. Мұндай жұмыс еліміздің басқа да ірі кәсіпорындарында атқарылып жатыр. Мұның бәрі — халықтың игілігі үшін.
ЖСДП сырқат балалардың ата-анасымен кездесті
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Батыс Қазақстандағы өкілдері баласы қант диабеті және целиакия ауруына шалдыққан ата-аналармен кездесті. Құрылтай депутаттығына кандидат Анаргүл Әбенова сырқат бала өсіріп отырған отбасылардың мұң-мұқтажына назар аударды. Олардың арыз-шағымы мен ұсыныстарын тыңдады. Жиында науқастардың сапалы медициналық қызмет көрсету мәселелері жан-жақты айтылды. Ал Астанада «Заманауи білім беру жүйесінің өзекті мәселелері» атты конференция өтті. Іс-шараның мақсаты - білім саласында қордаланған түйткілдерді талқылап, оқыту сапасын арттыру.
Наурыз Сайлаубай, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Еліміздегі білім саласын бәсекеге қабілетті ету бойынша үлкен конференция өткізіп жатырмыз. Біз білім саласынан бөлек, инклюзивті білім беру саласына көп көңіл бөліп отырмыз. Өйткені әлеуметтік мемлекет болғандықтан, қазіргі таңда инклюзия саласында балаларға білім беру жүйесін дамыту керек.
«Байтақ» партиясы экологиялық акция өткізді
«Байтақ» жасылдар партиясы елордада «Жасыл тармақ LRT» экологиялық акциясын ұйымдастырды. Шара қоршаған ортаға зияны аз қоғамдық көлік түрлерін насихаттау мен экологиялық көлік жүйесін дамытуға арналған. Партияның Астана қалалық филиалының төрағасы Нариман Баубек белсенділермен бірге «Бәйтерек» станциясы маңында жүрген тұрғындармен кездесті. Қатысушыларға заманауи экологиялық көліктің артықшылықтары туралы ақпарат берілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар Қазақстан бойынша қоршаған ортаға қолайлы көлік түрлерін дамыту идеясын қолдауға бағытталған.
Нариман Баубек, «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Астана көшелерінде тұрғындармен, сайлаушылармен кездесіп, партиямыздың бағдарламасын таныстырып жүрміз. Бұл жолы үгіт жұмыстарын әдеттегі форматтан өзгеше өткізуге тырыстық. Сондықтан LRT станциясы маңын таңдадық. «Тарлан Астана» - елорда үшін жаңа қоғамдық көлік түрі. Бұл - экологиялық таза көлік жүйесін қалыптастыруға үлес қосады деп сенеміз.
ҚХП мүшелері «Мемориалдық аймақ» өкілдерімен кездесті
Қазақстан Халық партиясының өкілдері Астанада «Мемориалдық аймақ» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесті. Жиында саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, негізгі бағыттары туралы ақпарат берілді. Аталмыш ұйым екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық майдангерлерді іздеумен айналысады. Шарада осы жұмыстың негізгі қорытындылары таныстырылды. Арнайы жасақ жыл сайын Ленинград қазіргі Санкт-Петербург маңында қазба жұмыстарын өткізеді. Осы уақытқа дейін хабарсыз кеткен 3200-ден астам отандасымызды тауыпты. Белсенділер архивтік құжаттарды зерттеуге де қолдау көрсетуде. Еске сала кетейік, Құрылтай сайлауына «Қазақстан Халық партиясы» атынан 72 үміткер түседі. Оның ішінде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың үлесі 41 пайыздан асады.
Ләззат Сүлеймен, Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Екінші дүниежүзілік соғыс біздің тарихымыз. Біздің халқымыз үшін ата-бабаларын табу, құран оқу, құрмет көрсету - ата салтымыз. Сондықтан да бұл ұйым адамдарға үлкен көмек көрсетіп отыр.
«Ауыл» партиясы: Кандидаттар еңбек ұжымымен кездесті
«Ауыл» партиясының кандидаттары Ақмола өңірінде болып, халықпен кездесулер өткізді. Алдымен елімізге ауылшаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жеткізетін жетекші компанияға барады. Партия төрағасы сайлауалды бағдарламаны таныстырып, көпшілікті толғандырған сұрақтарға жауап берді. Үгіт-насихат жұмыстары облыстың Біржан сал ауданына қарасты Үлгі ауылында жалғасты. Сондай-ақ Сыр өңірінде «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен велошеру өтті. Бұқаралық спортты насихаттауға арналған шараға 100-ге жуық адам қатысты. Олар қаладан Бесарық ауылына дейін 15 шақырым жүріп өтті.
Қайрат Айтуғанов, «Ауыл» партиясының төрағасы:
Халықпен кездескенде көп сұрақ қойып жатыр. Көп ұсыныс беріп жатыр. Біз оны жазып алып, оны іске қосамыз. Көп мәселе көтеріліп жатқан шалғай аудандарда жол мәселесі, интернет мәселесі, су мәселесі. Сондай мәселелерді халық көтеріп жатыр.
«Ақ жол» партиясы: Кандидаттар еңбек ұжымымен кездесті
«Ақ жол» партиясының орталық штабы Қарағандыға келіп, Сарыарқа арнайы экономикалық аймағын аралады. Сонымен бірге, ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен кездесті. Алдымен, отқа төзімді материалдар шығаратын зауыт қызметкерлерімен пікір алмасты. Партия өкілдері сайлауалды бағдарламасын таныстырып, негізгі бағыттарына тоқталды. Содан кейін жылу оқшауланған құбырлар шығаратын зауытқа барып, еңбеккерлердің сұрақтарына жауап берді. Кездесуде отандық бизнесті қолдау және қаржылық сауатты арттыру мәселесі көтеріліп, жиналғандарға кеңес берілді.
Ермек Әбілдин, «Ақ жол» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Енді кәсіпорындар экономикамыздың негізгі бөлшегі - кәсіпкерлер. Ең басты салық төлеушілер - кәсіпорындар. Сондықтан шағын және орта бизнесті, үлкен кәсіпорын болсын, соларды қолдау керек мемлекет тарапынан.
«Respublica» партиясы: Еңбек ұжымдарымен кездесті
Ұлытау облысында кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды. Respublica партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Кеңгір ауылындағы бірқатар кәсіпорында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Жаңадан құрылған облыста шағын кәсіпкерліктің үлесін арттыру, өңіраралық жүк тасымалын жандандыру жайы сөз болды. Облыс орталығындағы тігін фабрикасында өткен басқосуда жұмысшылар балабақша кезегі мен қалааралық қоғамдық көлік қатынасына қатысты әлеуметтік мәселелерді көтерді. Еңбек адамдары көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты.
Бекжан Айтқұлов, «Respublica» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Кәсіпорын деңгейінде айтатын болсақ, ол инфрақұрылым қолжетімді, тұрақты өткізу нарығы. Кездескен жұмысшыларды әлеуметтік мәселелер толғандырып жатыр. Өздеріңіз естіп жатырсыздар, инфрақұрылым мәселесі, жол мәселесін айтты, сонымен қатар көлік мәселесін де айтты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы