Қазақстанның даму банкі ірі жобаларға қаржы құяды
Қазақстанның даму банкі Батыс Қазақстан облысындағы ірі өндірістік жобаларға қаржы бөледі. Бұл туралы бүгін облыс әкімі мен банк өкілдерінің кездесуінде белгілі болды. Тараптар аймақта жүзеге асып жатқан энергетика, көлік-логистика, әлеуметтік саладағы ауқымды жобаларды талқылады.
Ақжайық атырабының әлеуеті жоғары екенін ескерген Қазақстанның даму банкі өңірдегі күре жолдарға қаржы құйып жатыр. Республикалық тасжолдардың жаңаруына биыл – 20 млрд, келер жылы 80 млрд теңге бөлінеді. Екінші ірі жоба - Сәтимола кен орнындағы калий тыңайтқышын өндіретін зауыт құрылысына да қаржы қаралған.
Марат Елібаев, «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы:
1,5 млн тонна калий тыңайтқышын шығаратын зауыт салынып жатыр. 2029 жылы зауыт іске қосылады. Сол кезде Қазақстан топ-10 мемлекетке кіреді әлемдегі. Бірінші траншы деуге болады, 450 млн доллар қаржы құпталды. Бірақ жобаның жалпы құны 2 млрд доллардан асады.
Банк өңірде салынып жатқан метанол зауытына да 50 млрд доллар бөлгелі отыр. Екіжақты кездесуде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілететін жаңа жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, газ-турбиналық электр стансасын кеңейту, цемент зауыты, қалдықты қайта өңдейтін кешен және қонақүй құрылысына қаржылай қолдау қажет.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
Біздің потенциалымыз бар. Өнеркәсіптен басқа, ауыл шаруашылығы бойынша, біз соның ішінде мал шаруашылығы бойынша 2-орындамыз. Үлкен жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Өнеркәсіпте, әсіресе, өңдеу саласы мен ауыл шаруашылығындағы өңдеу саласына күш салып жатырмыз. Бұл – Президент тапсырмасы.
Банктің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және туризм бағыттарына қаражат бөлуге мүмкіндігі бар. Қазір аймақта шетелдік инвесторлар қатысуымен жалпы құны 56 млрд теңге болатын 14 жобаны іске асыру пысықталып жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы