Басты Жаңалықтар Үкіметте балалардың жазғы демалысы мен инклюзивті білім беру мәселелері қаралды

Үкіметте балалардың жазғы демалысы мен инклюзивті білім беру мәселелері қаралды

Үкіметте балалардың жазғы демалысы мен инклюзивті білім беру мәселелері қаралды

Үкіметте балалардың жазғы демалысын қауіпсіз ұйымдастыру және инклюзивті білім беруді жетілдіру мәселелері талқыланды. Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен жиында жазғы сауықтыру науқанының барысы сараланып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдауға бағытталған жаңа бастамалар сөз болды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл 3 миллион 363 мыңнан астам бала жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылған. Оның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі бар 72 мыңнан астам бала демалысқа жіберілді. Қазір елдегі 174 балалар сауықтыру орталығының тек 104-і лицензия алған. Сонымен қатар жүргізілген тексерулер барысында бірқатар орталықта санитарлық талаптардың сақталмағаны анықталды. Кеңесте балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігіне, өрт қауіпсіздігі талаптарына және демалыс орындарындағы тәртіпке ерекше мән берілді. Аида Балаева қауіпсіздік жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар жиында 2026–2030 жылдарға арналған инклюзивті білім беруді дамытудың кешенді жоспары таныстырылды. Құжат ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды ерте анықтаудан бастап, сапалы білім алуына, әлеуметтік бейімделуіне және дербес өмірге даярлығына дейінгі бағыттарды қамтиды. Жоспар аясында арнайы білім беру ұйымдарының мүмкіндігін арттыру, материалдық-техникалық базасын жаңарту және өңірлерде заманауи мамандандырылған мектептер ашу мәселелері пысықталады. Жиын соңында вице-премьер Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инклюзивті білім беруді дамыту бойынша ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізгенін атап өтті. Кеңес барысында 2026–2030 жылдарға арналған инклюзивті білім беруді дамыту жоспарының негізгі бағыттары қолдау тапты.


Бөлісу