Орал теміржол вокзалы ел игілігіне берілді
Теміржолшылардың төл мерекесі қарсаңында Орал вокзалы күрделі жөндеуден кейін салтанатты түрде қайта ашылды. Осылайша Батыс Қазақстан облысы теміржол вокзалдарын жаңарту жобаларын толық аяқтаған алғашқы аймақтардың қатарына енді. Қуанышқа Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев ортақтасты.
Орал арқылы бір халықаралық және 3 облысаралық бағыт бойынша жолаушылар тасымалы жүзеге асырылады. Облыс орталығындағы бекетті қосқанда, аймақта барлығы 4 вокзалдың жаңаруы сәтті аяқталды.
Қанат Оразғалиев, Орал қаласының тұрғыны:
Өте керемет. Біз жас кезімізден білеміз бұл вокзалды. Қазір жаңарған. Біздің қонақтарымызға, барлық Орал шаһарына келген басқа да адамдарға барлық жағдай жасалған.
Нариман Төреғалиев облыс әкімі:
Тасқала ауданындағы Семиглавый Мар станциясы мен Шыңғырлау вокзалы бастан-аяқ бұзылып, жаңадан салынды. Орал және Ақсай қалаларындағы теміржол вокзалдарында қайта құру жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджет есебінен 7,6 млрд теңге жұмсалды.
Жаңарған вокзалда күту залдары кеңейтілді. Ақпараттық және навигациялық жүйелер іске қосылды. 4 эскалатор мен 3 жеделсаты орнатылып, конкорстық өткел салынды.
Марат Есқалиев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Құрылыс жөніндегі басқарушы директоры:
Ескі ғимараттың қаңқасы мен іргетасы қалып, қалғаны түгел жаңадан салынды. Негізінен жергілікті материалдар, отандық өнімдер қолданылды. Тиісті талаптарға сәйкес желдету, жылыту жүйелерімен жабдықталды.
Вокзалда ана мен бала, қонақүй бөлмелері, мүгедектігі бар азаматтарға арналған инфрақұрылым қарастырылған. Инженерлік желілер жаңарып, аумақ абаттандырылған. Теміржол бекеті арқылы тәулігіне 2 мыңға жуық жолаушы қатынайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы