Басты Жаңалықтар Ұлттық теледебат телевизияның шығармашылық әлеуетін көрсетті

Ұлттық теледебат телевизияның шығармашылық әлеуетін көрсетті

Ұлттық теледебаттың Алматыдағы жаңа медиакешенде өтуі отандық телевизияның техникалық әрі шығармашылық әлеуетін айқын көрсетті. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, телевизия ардагері Қайнар Олжай, Ұлттық арнада өткен теледебатты осылай бағалады. Оның сөзінше, бірнеше локацияда ұйымдастырылған тікелей эфир, Sky-студия, дрон түсірілімі, телекөпір және өзге де заманауи шешімдер Ұлттық арнаның ауқымды жобаларды жоғары деңгейде жүзеге асыра алатынын дәлелдеді. Ал эфирде айтылған пікірлерге телеарна емес, саяси партиялар мен олардың өкілдері жауапты екенін еске салды.

Қайнар Олжай, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

Біріншіден, теледебат басталғанда үміткер партиялардың өкілдері өздерінің мінберлерінде дайын тұратын. Ал мұнда мүлде олай емес. Екіншіден, уақыт жағынан 45 минуттық, 1 сағаттық дебаттар болатын. Ал бұл жолы 3 сағаттан асып жығылды. Демек, бұл өте үлкен жұмыс. Бір студия емес, әл-Фараби көшесіндегі дронмен түсірген көрініс, олар автокөліктен түсіп жатқан жаңа студияға кіріп келе жатқандағы көрініс. Үшіншіден, үлкен студиядағы 7 партияның сөйлейтін адамдарына қоса, арғы жағындағы қаншама қолдап келген адамдардың барлығы сыйып кетті. Бұл үлкен студияның мүмкіндігін көрсетті. Төтіріншіден, Sky-студия өте жақсы мүмкіндік берді.

Теледебат мазмұнымен ғана емес, жаңа форматымен де ерекшеленгенін көпшілік әлеуметтік желіде де жарыса жазып жатыр. Мәселен, партия өкілдерінің сөз сөйлеу кезегі алғаш рет рандомайзер арқылы анықталды. Ал пікірталас мәдениетін сақтау үшін қатысушылар этика хартиясына қол қойды. Мұны Ұлттық арнаның техникалық мүмкіндігімен қатар, кәсіби және зияткерлік әлеуетін көрсеткен жоба деп бағалаған.

Гүлмәрия Барманбекова парақшасынан: Біздің телевизионщиктер жарады! Қиялдары көкке самғап тұр. Камералары жерде де жүгірді, аспанда да қалықтады. Батар күннің алтын шапағына оранған Алматыны құлпыртып көрсеткені соншалық «Осы әсем қалада тұрамын!» деген мақтаныш сезімі кеудені кернегенін қалай айтпай кетейін! Ал енді партияларға келсек. Теледебат – той емес. Бұл - салмақты ой мен ұтқыр шешімдер жарысы. Мұндайда партияның абыройын аспандата суырылып шығар су жүйріктер керек.

Әлеуметтік желілерде осы тектес мыңдаған пікір жазылып, тікелей трансляцияны жарты миллионға жуық адам қараған. 

Айта кетейік, теледебатты тамашалаған көрермендердің 61 пайыздан астамын 35 жасқа дейінгі жастар болған.

Бөлісу