Басты Жаңалықтар Алатау қаласының инвестициялық әлеуеті 6,9 млрд долларға жетті

Алатау қаласының инвестициялық әлеуеті 6,9 млрд долларға жетті

Алатау қаласының инвестициялық портфелі 6,9 млрд долларға жетіп, 67 жобаны қамтыды. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Алатау қаласы кеңесінің отырысында айтылды.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа қаланы дамыту, арнайы құқықтық режимді енгізу, инфрақұрылымды жаңғырту және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Alatau City Authority бас директоры Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, жүзеге асырылып жатқан жобалар аясында 55 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған. Шаһардың флагмандық жобаларының бірі – Iconic Complex құрылысына дайындық жүргізілуде. 330 гектар аумақты дамыту жоспары жасалып, оның аясында жалпы аумағы 5,3 млн шаршы метр болатын түрлі нысандар салынады. Мастер-жоспар мен техникалық-экономикалық негіздемені жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Оған қоса жалпы көлемі $10 млн-ға дейін жететін алғашқы жобаларды іске қосу көзделіп отыр. Қала инфрақұрылымын дамытуға да басымдық берілуде. Барлығы 26 инфрақұрылымдық жоба қарастырылған. Көкпа-1 қосалқы стансасын реконструкциялау басталды. Су құбыры және кәріз жүйелерінің бірқатар жобасы аяқталуға жақын. Жол инфрақұрылымы аясында 61,2 шақырым жолды орташа жөндеу және 15 шақырым жаңа автомобиль жолын салу көзделген. Отырыс қорытындысында Премьер-министр негізгі жобаларды практикалық іске асыруды жеделдетіп, белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.


Бөлісу