Автонесие: Проблемалық берешек көлемі 238 млрд теңгеден асқан
Азаматтарға кейбір несиеден бас тартуға 14 күн беріледі. Айыппұлсыз. Мұның ұңғыл-шұңғылы қандай? Бұл бір. Екіншіден, соңғы уақытта Ұлттық банк автонесие қарызы артып бара жатқанын айтып отыр.
238,6 млрд теңгеге жеткен. Проблема зерделеніп жатыр ма? Көбейген үстіне көбейе берсе, Ұлттық банк қандай инструменттер қолданбақ? Несие қарызын өтей алмай жүргендер не істеп жатыр?
Жолбарыс Төлеужан, көлік сату компаниясының менеджері:
Адамдардың 80 пайызы тек несиемен көлік алады.
Санат Нұрбай, автосарапшы:
Оның сыртында бізде бәсеке бар. Анау анадай алыпты, мен одан да жақсы көлік аламын.
Иә, жаңа көлік алуға әркімнің-ақ бар таласы. Данияр Мақсұтов та 2 жыл бұрын 6 млн-ға су жаңа көлік алған. Айына 150 мың теңге кредит төлейді.
Данияр Мақсұтов, қала тұрғыны:
Арасында қиналасың. Төлейсің, төлемесең, күнде хабарласады. 2 жылын өтедім, енді бес жылы бар.
Ал Аян Әбдірайымов құны 9 млн тұратын жап-жаңа қытай көлігін тізгіндеп жүр.
Аян Әбдірайымов, қала тұрғыны:
7 жылға 26 пайыздық несиемен берілген. 230 мыңнан. Қайтарымын есептеңіз. Екі көліктің ақшасы.
Санат Нұрбай, автосарапшы:
Көлікті кредитке алып алған жастар келеді, такси қызметінде жүрген. Қиналып кеттім, дейді. Қай мақсатта алды? Алғаннан кейін такси қызметінде жүріп жабамын. Осылай құтылып кетем деген ниетпен барып еді. Көлігі де тоза бастайды, бұзыла бастайды. Осы кезде көлігің тоқтап қалғаннан кейін кредитің тұрып қалады.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Соңғы үш жылда автонесие портфелі күрт өскен. 2023 жылы 1 трлн болса, биыл 4,2 трлн теңгеге жеткен. Бірақ сол несиеге алғандардың біразы уақытында төлей алмай жатыр. Мәселен, проблемалық берешек көлемі 3 жыл бұрын 93,8 млрд теңге болса, биыл 238 млрд-тан асқан. Салыстырмалы түрде алсақ, автокредиттегі қарыз көлемі – 5,6 пайыз болса, ипотекада бұл көрсеткіш төмен – 1,3 пайыз.
Санат Нұрбай, автосарапшы:
Автокредитке көптеп кіретін себебіміз – бізде ашкөздік болды. Қытай көліктері бізге дендеп енгеннен кейін маркетинг жақсы жүрді. Түрлі акциялар жүрді. 01:30 Біздің сол кездегі түрлі акцияларға барып, көлік алып қойғандардың зардабы, міне, енді шығып жатыр.
Тағы бір маңызды себеп – 2024 жылдан бері автонесие рәсімдегенде «борыштық жүктемені», яғни ай сайын төленетін қарыз көлемін есептеуге қатысты талаптардың уақытша жеңілдетілуі.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
Бұл талаптың мақсаты – автонарықты және отандық өндірісті қолдау деп айтамыз. Экономикалық тұрғыдан алсақ, бұл жерде қайшылық бар. Мемлекет автокөлік нарығын қолдағысы келеді. Соның нәтижесінде несие алу жеңілдейді. Сұраныс өседі. Ол автомобиль бағасының өсуіне әкеледі. Бірақ төлем қабілеті төмен азаматтардың да нарыққа кіру ықтималдылығын арттырады. Артқаннан кейін көптеген проблемалық қарыз орын алады.
Жаңасымен қатар ескі де көлік сатумен айналысатын компания өкілдерінің айтуынша, клиенттер көліктің құнына қарамастан кредит рәсімдеуге бейім тұрады.
Жолбарыс Төлеужан, көлік сату компаниясының менеджері:
Адамдардың көлік қарап келгендегі бірінші сұрағы: бұл машина бізге несиеге беріле ме? Көп адамдардың жалақысы 200–250 мың болады да, бірақ көлік алған кездегі ай сайынғы төлемі 300 мың, 250 мың айлығынан көп болып жатады. Бірақ адамдар оған қарамайды, алады. Ай сайынғы төлейтін кредиттік төлемі 300 мыңнан басталып, млн-ға дейін жетіп жатады.
Тіпті болмаса, микроқаржы ұйымдарына да жүгінеді.
Жолбарыс Төлеужан, көлік сату компаниясының менеджері:
Банктің проценттік көрсеткіші ең төмені 25 пайыздан басталады. Ол банктер одобрение бермесе, онда бізде вторичные банки деген бар. Олар көбінесе микроорганизациялық ұйым болады. Олардың проценттік көрсеткіші жоғары. Ең жоғарғысы 45–50-ге дейін барады.
Санат Нұрбай, автосарапшы:
Оның сыртында бізде бәсеке бар. Анау анадай алыпты, мен одан да жақсы көлік аламын. Ана тойға ана көлік мінсе, 20 жылға мына көлікті алуым керек деген мақсат пен бәсекенің өкініші енді шығып жатыр.
Мінекей, осындай бірнеше фактордың әсерінен көпшілік көліктің берешегін өтей алмай жатыр. Ал қыруар қаражатқа қарызданып алған темір тұлпарды сату да тиімді болмай тұр.
Санат Нұрбай, автосарапшы:
Көліктің бағасын бір ұтыласыздар, банктің бағасынан екі ұтыласыздар. 18 млн-ға алған көлікті мен өзім көзіммен көрдім. 8 млн-ға бағалады, мысалы. 50 пайызға көліктен ұтылды.
Сарапшылардың айтуынша, көлікті кредитке алу тиімсіз. Оның үстіне кей компаниялар пайыздық көрсеткішімен қоса есептегендегі нақты бағасын ашық айта қоймайды.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
Банктердің жауапкершілігін күшейту керек. Егер банк адамның табысы, бұрынғы қарызы, кешіктірілген төлемдер және де басқа да борыштық жүктеменің жеткіліксіз екенін біле тұра несие беретін болса, жауапкершіліктің белгілі бір бөлігі кредиторларға, банктерге жүктелу керек.
Санат Нұрбай, автосарапшы:
Мемлекеттік бағдарлама жасалу керек. Жеңілдетілген автонесие 4 пайыз немесе 2 пайыз қайтадан енгізу керек. Ал қазір болып жатқан автолизинг – оған біз дайын емеспіз.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Ал Ұлттық банктегілердің айтуынша, биыл 1 шілдеден бастап азаматтардың жалпы қарызы мен жылдық табысының арақатынасына мониторинг жүргізіледі. Егер берешек шамадан тыс өссе, жыл соңына дейін автонесиеге қатысты нақты шектеулер енгізілуі мүмкін. Айтпақшы, несиеге қатысты тағы бір өзгеріс – енді кепілсіз алған қарызды 14 күннің ішінде айыппұлсыз қайтаруға болады.
Перизат Бауыржан, қаржыгер:
Клиент 14 күннің ішінде страховканы төлейтін. 14 күннің ішінде жабатын болса, штраф төлейтін. Енді 14 күнге дейін клиент асығып шешім қабылдайтын болса, онда қайтадан қайтаруға болады. Ешқандай айыппұлсыз. Бірақ сол 14 күннің ішінде үстіндегі сол пайызды төлейді. 500 мың теңге алатын болса, 22 мың ай сайын төлем болатын болса, 14 күннің ішінде 7 000 теңгені қайтарады.
Бірақ үстеме ақшасы аз екен деп қайта-қайта қарыз алып, әккі әрекетке баруға да болмайды. Себебі оның бәріне мониторинг жасалып, несие тарихыңызға жазылады. Елдегі жалпы несие көлемін сараласақ, экономикалық белсенді 9,8 млн адамның 8,6 млн-ында қарызы бар. Олардың несиесі жыл басынан бері 4,3%-ға артып, 26 трлн-ға жуықтаған. Орташа есеппен әрқайсысы 3 млн теңгеден берешек. Мәселе қарыздың көбеюінде емес, сол қарызды уақытылы төлей алмай жүргендердің көптігінде. Мысалы, берешегі 90 күнге жуықтағандардың несие көлемі 2,3 трлн теңгеге жеткен.
Перизат Бауыржан, қаржыгер:
Мысалы, бір күннің өзінде бір сауда 100 млн теңге бөліп төлеумен алып жатыр. Оның бәрі несие ғой. Сонда адамдар тұтынушы болып кеткен. Болмайтын, болашақта керек емес заттарды несиеге алып, қарызға белшесінен батып отыр.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Иә, мамандардың пайымынша, тұтынушы қалау мен қажеттің аражігін ажыратып, қаржылай сауатын дамытса, қарыздың қамытына бұлайша ілікпес еді. Бірақ бір азаматтардың шығыны мен табысының арасындағы алшақтық та етектен тартып, «несие» тығырықтан шығудың жалғыз амалына айналып отырғаны да жасырын емес қой...
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы