Басты Жаңалықтар Семейде 60 сарбаз азаматтық борышын өтеуге аттанды

Семейде 60 сарбаз азаматтық борышын өтеуге аттанды

Семейде «Адал азамат-Сарбаз-Отан қорғаушы» жобасы аясында мерзімді әскери қызметке шақырылған 60 сарбаз салтанатты түрде азаматтық борышын өтеуге аттанды. Алғаш рет өтіп жатқан бұл шара Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Сарбаз жолы» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жыл соңына дейін ел бойынша 21 мыңнан астам азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанбақ.

Облыста «Сарбаз жолы» салтанаты алғаш ұйымдастырылды. Рәміздер алаңында өткен салтанатты жиынға жас сарбаздардың ата-аналары, әскерилер мен ардагерлер қатысты.

Берік Уәли, облыс әкімі:

Бүгін әскерге аттанып бара жатқан әрбір азамат, кейінгі жас буынға үлгі-өнеге. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, ҚР Қарулы күштерінің жоғарғы қолбасшысы үнемі еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға, әскердің беделін арттыруға және жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге ерекше көңіл бөліп, айтып келеді.

Сап түзегендердің 40-ы Ұлттық ұланда, 20-сы ҰҚК Шекара қызметінде борышын өтейді. Биыл Абай облысынан жыл соңына дейін 1500 азамат мерзімді әскери қызметке аттанады. Міндетін мінсіз атқарған үш мың үздік сарбазға жоғарғы оқу орындарында   мемлекеттік грант дайын.

Илхан Байсейітов, сарбаз:

Әрбір ер азаматтың борышы парызы Отан алдындағы. Соны жақсылап өтеп қайтуына барлық жас сарбаздарға, аттанушы сарбаздарға ақ жол тілеймін.

Шара барысында облыс әкімі Отан қорғаушыларға естелік кітаптар табыс етті. Ата-аналар әскер қатарына аттанған ұлдарына ақ жол тіледі.

Рағна Бахатова, ата-ана:

Шақырылған сарбаздарға амандық тілеймін. Жақсы қызмет етсін. Отанға қызмет етсін. Бұлардың дені сау боп, мықты болса біздің Отанымыздың іргесі де мықты болады. Жақсы сәт-сапар тілеймін.

«Сарбаз жолы» шарасы Семей қаласында орналасқан 28738 әскери бөлімінде жалғасты. Онда барған облыс басшысы 1000-ға жуық сарбаз борышын өтеп жатқан бөлімнің казармалық-тұрмыстық жағдайы мен оқу-жаттығу базасын көрді. Әскери қызметшілермен және оқушылармен еркін форматта кездесіп, олардың ұсыныстарын тыңдап, сауалдарына жауап берді.


Бөлісу