Басты Жаңалықтар Халықаралық жастар форумы басталды

Халықаралық жастар форумы басталды

Атырауда «Saraishyq Upgrade 2026» халықаралық жастар форумы басталды. Алтыншы рет ұйымдастырылған шараға Қазақстанның 15 өңірінен және 4 шет мемлекеттен келген 300-ден астам жас қатысып жатыр. Екі күндік форумда жастар креативті индустрияның алты бағыты бойынша тәжірибе жинақтап, өз жобаларын сарапшыларға таныстырады.

Жастардың басын қосқан халықаралық алаң биыл кинематография, маркетинг, музыка, мәдени  іс-шаралар индустриясы, хореография және жасанды интеллект бағыттарын қамтып отыр. Шетелдік делегациялар қатарында Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан және Ресейдің Астрахань облысының өкілдері бар. Олар қазақстандық жастармен тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды талқылауда.

Тамар Какулия, форумға қатысушы:

Форумның ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Мұнда Қазақстанның және басқа елдердің жастарымен танысып, тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік бар. Өзім үшін көптеген жаңа идея алып қайтамын деп ойлаймын.

Форум аясында пленарлық пікірталас, дәрістер, практикалық сабақтар мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылған. Жастарға тәжірибелі мамандардан тікелей білім алып, өз жобаларын дамытуға мүмкіндік беріліп отыр.

Әйгерім Жәрдемқызы, Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:

Мұндай спикерлер қол жетімді бола бермейді. Біз осы спикерлерді арнайы форумға алып келдік. Бұл қатысушылардың әлеуетін арттыру мақсатында, екіншіден бұл жерде әрбір бағыт бойынша қатысушылар өзінің саласындағы проблемалардың бар екенін және олардың шешу жолдарын бірге талқылайтын болады.

Бұл форум еліміздегі креативті жастардың басын қосатын жалғыз алаң. Биылғы басты бастамалардың бірі – «Үздік жоба үшін Grant» байқауы. Алты бағыттың әрқайсысынан бір жеңімпаз анықталып, үздік жобаларға 500 мың теңгеден грант табысталады.

Бөлісу