Басты Жаңалықтар «БРИКС плюс» саммиті: Қандай мәселелер көтерілді?

«БРИКС плюс» саммиті: Қандай мәселелер көтерілді?

Мемлекет басшысы бүгін Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Модидің шақыруымен БРИКС+ форматындағы саммитіне қатысты. БРИКС ұйымын әу баста Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай құрған, кейін Оңтүстік Африка Республикасы кірген. Одан кейін тағы бірнеше ел қосылды, қазір толық мүше мемлекет – 11. Сонымен бірге «серіктес» мәртебесі берілген елдер бар, ішіне біздің мемлекет те кіреді. Қ. Тоқаев Нью-Делиде «Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбына арналған «аутрич»/«БРИКС+» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйледі. Аутрич – outreach – коммуникация, тіке байланыстар әдісі дегенді білдіреді. Әріптес елдермен бетпе-бет әңгімелесу форматы.  

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Нью-Дели осы демалыс күндері әлемдік саяси сахнада басты алаңға айналып отыр. БРИКС бірлестігі 18-ші саммитіне жиналды. Үнді елі жиынға үлкен мән беріп отырғаны бірден байқалады. Қала көшелерінде саммитке арналған билборд суреттерден көз сүрінеді.

Қауіпсіздікке де ерекше мән берілген. 7 мың тәртіп сақшысы негізгі көшелерді бақылауға алып, көліктер қозғалысына шектеу қойылды. Мемлекеттік қызметкерлер мен оқушылар да демалысқа жіберілген. Ал жергілікті әуежайға бірнеше күннен бері дамыл жоқ. Нарендра Моди, Си Цзиньпин, Владимир Путин бастаған делегацияларды қарсы алып жатыр. Жалпы 30-ға жуық елдің өкілі осында. Үндістан премьерінің арнайы шақыртуымен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саммит алдында бірнеше екіжақты кездесу өткізіп үлгерді. Ал бүгін мемлекеттер басшылары саммиттің негізгі жиынында бас қосты.

БРИКС 2009 жылы Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытайдың бастамасымен құрылған. Кейін Оңтүстік Африка қосылды. Бастапқыда экономикалық ықпалдастыққа басымдық берген бірлестік бүгінде жаһандық басқару жүйесін реформалау мәселесін де көтеріп жүр. Былтырғы саммиттің қорытынды құжатында Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк секілді қаржы институттарында дамушы елдердің өкілдігін кеңейту ұсынылды. Қазақстан былтырдан бері бірлестіктің ресми серіктесі атанды.

Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:

Әзірге бұл ұйым толыққанды қалыптасқан жоқ. Сол себепті, менің ойымша, біздің Президент өте көреген саясат ұстанып отыр. Бірден басып келіп оған мүшелік қабылдаған жоқ. Бірақ, дегенмен, бақылап, осы қозғалыстан қалып қоймай, халықаралық аренада геосаяси тұрғыда құрылып жатқан ұйымдардың бақылаушысы ретінде, соның алаңында талқылаушы ретінде өзінің ойын білдіріп отыр деп ойлаймын.

Дегенмен, жыл санап БРИКС-тің беделі мен ауқымы кеңейіп келеді. Оған мүше елдерде жер жүзіндегі халықтың жартысы, яғни 4 млрд адам тұрады. Жаһандық жалпы ішкі өнімнің 40 пайызы осы елдерге тиесілі. Ал әлемдік саудадағы үлесі 26 пайыз. Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстанның БРИКС-қа мүше және серіктес елдермен тауар айналымы 72 миллиард долларға жуықтағанын айтты. Қазақстан байланысты одан әрі тереңдетуге мүдделі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің ойымызша, энергетика, аса маңызды минералдар және ауыл шаруашылығы салаларында өнімді терең өңдеу бойынша серіктестікті дамытуға мүмкіндік мол. Бұл ретте технология мен білім алмасуға және бірлескен инвестицияға айрықша мән берген жөн. Бұдан бөлек, біздің ауқымды инфрақұрылым жобаларды, соның ішінде халықаралық маңызы бар бастамаларды бірлесіп іске асыруға әлеуетіміз жетеді. Жаңа даму банкі БРИКС елдеріндегі, сондай-ақ Қазақстандағы коммерциялық тұрғыдан өміршең жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыра алар еді.

Күн тәртібінде экономикамен қатар саяси мәселелер де бар. Жер жүзінде жаппай жікке бөліну үдеп тұр. Геосаяси ахуал теңіздей тербеліп тұр. Қарулану жарысы, ұйымдардың дәрменсіздігі мен сауда кедергілері оның нақ көрінісі. Былтыр қақтығыстардың салдарынан жаһандық экономика шамамен 22 триллион доллар зиян шекті. Яғни, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына парапар. Президенттің пікірінше, БРИКС секілді бірлестіктер осындай алауыздықты азайту міндетін мойнына алуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кеңірек қарайтын болсақ, халықаралық қауіпсіздік архитектурасының күйреуі және ұзаққа созылған қақтығыстар жаңа қарулану жарысы мен стратегиялық қателіктерді, сондай-ақ жаңсақ шешімдер қабылдау қаупін күшейтеді. Сондықтан ядролық, соның ішінде жаңа технологияларға қатысты қатерлерді азайту мақсатында атом қаруы бар державалардың жоғары деңгейдегі диалогы өте қажет.

Ірі державалар арасындағы текетірес экономикаға ғана емес, халықаралық институттардың жұмысына да салмақ түсіріп отыр. Президент Біріккен Ұлттар Ұйымына балама жоқ екенін айтты. Оның пікірінше, Қауіпсіздік Кеңесін реформалау кезінде бүгінгі әлемнің саяси салмағы ескерілуге тиіс. Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің өкілдігі артуы қажет. Бұл мәселені Үндістан да тұрақты көтеріп келеді. Нарендра Моди жаһандық басқару жүйесін жаңғыртуға шақырып, БРИКС-тің алдағы кезеңге арналған жол картасын әзірлеуді ұсынды.

Нарендра Моди, Үндістан Премьер-министрі:

Қазір БРИКС аясындағы бірлігіміз бен ортақ келісімді халықаралық деңгейде нақты нәтижеге айналдыратын уақыт келді. Алдағы 20 жылға арналған өршіл күн тәртібін іске асыруымыз керек. Бұл жұмысты ең алдымен өз ішкі жүйелерімізді жетілдіруден бастау қажет.

Саммит Қазақстан мен Үндістанның екіжақты байланысын кеңейтуге де мүмкіндік берді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 923 миллион доллардан асты. Жиын қарсаңында Ченнайда өткен бизнес-форумда жалпы құны 120 миллион доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Қазақстан үнді нарығына жеткізуге болатын құны 300 миллион доллардан асатын 95 тауар түрін ұсынды. Алайда сауданы арттыруға кедергі келтіретін негізгі мәселенің бірі әлі де логистика.

Сандип Сингх, Пенджаб орталық университетінің профессоры:

Қазақстан Орталық Азиядағы ықпалы артып келе жатқан орта держава. Қазақстан мен Үндістанның әріптестік әлеуеті мол. БРИКС саммиті кедергілерді азайтуға және екі елді жақындастыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Орталық Азия Үндістан үшін Еуропаға шығатын маңызды бағыттардың бірі. Бірақ біздің басты мәселеміз – Орталық Азиямен тікелей географиялық байланысымыздың жоқтығы. Осыған байланысты екі ел Халықаралық «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі аясында ұзақ уақыттан бері бірге жұмыс істеп келеді.

Экономика мен логистикадан бөлек, Астана жаңа технологиялар саласындағы ықпалдастықты күшейтуді ұсынды. Қазақстан үшін жасанды интеллект стратегиялық басымдыққа ие екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев «БРИКС плюс» аясында ЖИ бойынша серіктестік тетігін іске қосуды ұсынды. Ал БРИКС саммитінің қорытындысы Нью-Дели декларациясында көрініс тапты. Құжатта халықаралық дауларды дипломатиялық жолмен шешу, сауда шектеулеріне қатысты ортақ ұстаным және ұлттық валюталармен есеп айырысу тетіктерін дамыту мәселелері қамтылды. Жекелеген халықаралық мәселелер бойынша қатысушылардың көзқарасы әртүрлі болғанымен, тараптар қорытынды құжат жөнінде ортақ мәмілеге келді. Бұл БРИКС үшін де маңызды сынақ. Себебі құрамы кеңейген сайын бірлестіктің салмағы ғана емес, оның ішіндегі мүдделер мен ұстанымдардың ауқымы да артып келеді.


Бүгін Президент Үндістан премьер-министрімен жеке кездесіп, сұхбаттасқан. Екі жақтың экономикалық байланыстардың түрлі аспектілерін айтқандары түсінікті. Детальдарға келсек, Astana Hub және Хайдарабад технологиялық экожүйелері арасындағы серіктестік сөз болған. Сонымен бірге Үндістан Премьер-министрі Қазақстан жастарын келесі жылы Мумбайда өтетін креативті индустрия саммитіне қатысуға шақырды. 

Ал ертеңнен бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент Ли Чжэ Мёңнің шақыруымен Корея Республикасына мемлекеттік сапары басталады. Сонымен бірге «Орталық Азия – Корея Республикасы» форматындағы бірінші саммитке қатысады.

Айта кететін бір хабар: АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жіберген. Ілтипатқа толы хатта бізді Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтайды деп тани отырып, әрі қарай цитата: «Мемлекеттеріміз арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалаймын және мен президенттік лауазымды атқарған екі мерзімде қалыптасқан берік байланысты одан әрі нығайтамыз деп сенемін. Қазақстан халқының бағына орай, Сіз сияқты тегеурінді әрі батыл көшбасшысы бар. Осы қуанышты сәтті сіздермен бөлісу – мен үшін зор мәртебе» деген.


Бөлісу