Басты Жаңалықтар Базалық мөлшерлемедегі өзгеріс: Ипотека нарығына әсер ете ме?

Базалық мөлшерлемедегі өзгеріс: Ипотека нарығына әсер ете ме?

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 0,5 тармаққа төмендетіп, 16,25 пайызға түсірді. Қарыз алушылар үшін бұл елең ететін жаңалық. Дегенмен, мысалы, ипотека арзандай қоймайды. Неге арзандамайды? Біріншіден, банктер базалық мөлшерлеме түсті деп ипотека шарттарын бірден қайта қарамайды. Екіншіден, азайған мөлшерлеме несие құнын төмендетуге жеткіліксіз, дейді экономистер.

Дегенмен, ипотека бірден арзандайды деуге ерте. Өйткені ол тек базалық мөлшерлемеге байланысты емес. Банктер депозиттердің құнын, қарыз алушының тәуекелін, несие мерзімін және өз шығындарын да есепке алады. Оның үстіне, банктер бұған дейін жасалған несие келісімшарттарын базалық мөлшерлеме төмендеді екен деп автоматты түрде өзгерте қоймайды. Егер Ұлттық банк базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетуді жалғастырса және инфляция бәсеңдесе, бұған дейінгі емес, жаңа ипотекалардың мөлшерлемесіне біртіндеп әсер етуі мүмкін.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Жалпы мөлшерлеменің 16,25 пайызға төмендеуі – экономикадағы жағымды сигнал деп айтуға болады. Бірақ бірден ипотеканың да ставкасы осыншама дәрежеде төмендейді деген сөз емес. Бұл уақыт келе әсерін тигізе беретін дүние. Өйткені банктер ұсынатын ипотекалық өнімге банктердің қаржыландыру қоры, оның сырттан алған займдық қаражаттары, басқа да инфляциялық күтулер бар. Яғни, бұл бір мезетте болмайды. Банктер өздерінің ипотекалық ставкаларының шешімін төмендету немесе жоғарылату кезінде ұзақ мерзімді инфляциялық күтулерді, тәуекелдерін, т.б. шығындарын есепке алады.

Десе де, сарапшылар кей қаржы ұйымдары клиент тарту үшін несие шарттарын қайта қарауы да мүмкін екенін жоққа шығармайды. Себебі Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, соңғы 6 айда екінші деңгейлі банктерде баспанаға қатысты несие рәсімдеуге берілген өтініштер саны 39 пайызға азайған. Бұл, бір жағы, банктер арасындағы бәсекені де күшейтеді. Бірақ ипотека арзандаса, сұраныс артады, бұл үй бағасына да әсер етеді. Мысалы, бұрын 30 млн теңгелік пәтерді алуға 10 адам қызықса, ипотека арзандағаннан кейін сатып алушылар саны 20 адамға жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда сатушы, әлбетте, бағаны көтеріп жібереді. Кейбір адамдар ақшасын пәтер сатып алуға емес, депозитке салуды тиімді көреді. Егер базалық мөлшерлеме төмендеген сайын депозиттердің табыстылығы да азайса, тұрғын үйге инвестиция салуға қызығушылық қайта өсуі мүмкін. Бұл да нарықтағы сұранысты арттырады. Ал құрылыс нарығына қалай әсер етеді дегенге келсек:

Диляра Сейітнұрова, Qazaq Expert Club сарапшысы:

Егер құрылыс компаниясы банктің кредиттерімен, несиелерімен үйлерді салатын болса, әрине, оны төмендетуге ықпал етеді. Бірақ қатты төмендемейді. Олардың төмендеуі де кемінде 6–8 ай уақыт керек.

Базалық мөлшерлеменің төмендеуі ең алдымен несиеге тәуелді салаларға тиімді. Мәселен, құрылыс компаниялары үшін қаржыландыру арзандаса, жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік артады. Шағын және орта бизнеске де оң әсері бар. Кәсіпкерлер өндірісті кеңейтуге, жаңа жабдық алуға немесе айналым қаражатын толықтыруға несие тартатындықтан, қарыздың арзандауы олардың шығынын азайтуы мүмкін. Өңдеу өнеркәсібі мен инвестициялық жобалар үшін де несие қолжетімді бола түседі.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Бизнес бірінші кезекте несие тарту кезінде, яғни екінші деңгейлі банктер корпоративтік несиелеуді, яғни бизнесті дамытуға, соның ставкасы төмендеуі мүмкін. Екіншіден, соны тарта отырып, басқа да бизнесмендердің өнімдеріне сұранысты қалыптастыратын, яғни несие арзан болған кезде экономикалық белсенділік қалыптаса бастайды. Үшіншіден, жалпы инвестициялық ағындар жоғарыдан көп келе бастаған кезде, ол қаншама жұмыс орындарының ашылуы, ол өз кезегінде азаматтардың төлем қабілетіне әсерін тигізеді. Мұның мультипликативтілік тиімділігі бар.

Батжан Акмолдина, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент:

Арзан ақша саясаты әрі қарай жалғаса берсе, инвестициялық белсенділікті көтеруі мүмкін. Мысалы, акциялар, әртүрлі құнды қағаздар, соларға салуы мүмкін. Тіпті өндіріске салуы мүмкін. Кәсіпкерлікті қолдауға инвестор ретінде кіруі мүмкін. Жалпы бұл жинақтауға қарағанда инвестициялауға құлшынысты көтереді.

Алмас Орақбай, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жетекші сарапшысы:

Орта бизнес үшін үш сегмент ішіндегі ең жоғары сұраныс көрсетілген болатын. Орта бизнестегі мақұлдаулар саны шамамен 34%-дан 38%-ға, ал несиелеу саны 8,4%-ға көтерілген. Сонымен қатар, орта бизнестегі несиелеудің орташа сомасы 8%-ға артқан болатын. Және бұл қазіргі қалыптасқан жоғары сұранысты базалық мөлшерлеме түсу одан әрі күшейтуі мүмкін.

Иә, әйелдерге арналған Ұмай бағдарламасының игілігін жастар да, жас отбасылар да көре бастады. Сіз айтып тұрған «Ұмай» бағдарламасы бойынша алғашқы несиені алған 25 жастағы Ақтау тұрғыны Ақмарал Молдалиева 20,3 миллион теңге тұратын пәтер сатып алып, 3 миллион теңгені бастапқы жарна ретінде төлеген. Жас отбасы әне-міне тұңғышын күтіп отыр. «Ұмай» бағдарламасы 2021 жылы басталған. Содан бері 3600-ге жуық қыз-келіншек баспаналы болды. Бағдарлама кезең-кезеңімен қаржыландырылып, 31 тамыз өтінім қабылдау басталған еді. Бір күнде 855 өтінім түсіп, барлығының өтініші алдын ала мақұлданған. Шарттарына қысқаша тоқталсам, ресми табысы бар және соңғы алты ай бойы міндетті зейнетақы жарнасы тұрақты аударылған азаматтар қатыса алады. Бастапқы жарна ірі қалаларда 20 пайыз, ал өңірлерде 15 пайыз. Ипотекалық несие көлемі 50 миллион теңгеге дейін, 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бағдарлама бойынша екінші нарықтағы да тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік бар.

Назерке Ғалым, «Отбасы банк» АҚ ресми өкілі:

Төлем қабілеттілігін растаған кезде шарттарының бірі – 1 млн 250 мыңнан аспайтын отбасының табысы. Бұл жерде, мысалы, әйелі, күйеуі болса, екеуінің табысы 1 млн 250 мыңнан аспауы тиіс. Әйел тұрмыста болмаса, табысы 1 млн 250 мыңнан аспауы тиіс. Қазіргі таңда бірінші транш 9 млн теңге бөлінді. 9 млрд аяқталған соң тағы да келесі траншты күтетін боламыз.

«Ұмайдан» бөлек, баспана алуға мүмкіндік беретін негізгі бағдарламалардың бірі – «Наурыз». Бұл жобаның мөлшерлемесі әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін 7 пайыз, ал басқа қатысушылар үшін 9 пайыз. Бастапқы жарна 10 пайыздан басталады, қарыздың ең жоғары сомасы Астана мен Алматыда 36 миллион теңгеге дейін, басқа өңірлерде 30 миллион теңгеге дейін беріледі. Несие мерзімі 19 жылға дейін. Одан өзге «Наурыз жұмыскер», «Наурыз әскери», «Отау» бағдарламаларын айтуға болады. Отбасы банктің сайтында құжат қабылдау уақыты алдын ала жарияланады. Ал егер Отбасы банктің жинақ жүйесі арқылы аламын десең, белгілі бір кезеңді күтпей-ақ, қарыз алу талаптары сәйкес келсе, рәсімдеуге болады.


Бөлісу