Қытай көліктері Еуропа нарығына қалай әсер етіп жатыр?
Jaguar Land Rover 4 мың жұмысшысын қысқартады. Британ компаниясы қытай автоөндірушілерімен бәсекелесе алмай отыр. 43 мың жұмысшысының 4 мыңын қысқартып, 1,7 млрд фунт үнемдемек деп жазды Би-Би-Си порталы.
Германияның Volkswagen автоконцерні де тарихындағы ең ірі қайта құрылымдау жоспарын мақұлдап, әлем бойынша 100 000-ға жуық жұмыс орнын қысқартуды көздеп отыр. Компания басшылығы мен кәсіподақтар 50 мың орынды қысқартуға келіссе, соңғы мәліметтер бойынша оған тағы 50 мың жұмыс орны қосылды.
Ешқашан теңселмейтіндей көрінген алып автоконцерндер қиындық көріп жатыр. Қытай қолжетімді мәшинелерімен әлемдік автонарық картинасын өзгертіп бастады. Ендеше, нарықтың болашағы қандай? – деген сұрақ туады.
Онсыз да бірнеше жүз дана ғана жасалатын «Шіркін» дейтін жұтынып тұрған автосәйгүліктер нарығы туралы да ойлап кеттік. Bugatti автосалонға Альп тауларында ғана жайылатын сиырдың терісін пайдаланады. Себебі климат қоңыр салқын болғасын, онда маса сияқты қансорғыш жәндіктер жоқтың қасы. Сондықтан мал терісінде тыртық болмайды.
Қой, өзіміздің білетін нарыққа оралайық.
Мына мысалға қараңызшы. Германияда Volkswagen Tiguan-ның бағасы €39 мың еуро. Ал Қытай нарығындағы Tiguan L Pro €28 мың еуро. Екеуі бір модель болғанымен, сапасы бірдей болмауы мүмкін. Бірақ бір брендтің 2 нарықтағы бағасында осынша айырмашылық болуы ойландырады.
Енді одан да қызық салыстыру. Бұл Қытайдың Chery концерні шығаратын JAECOO-7 көлігі. Британдықтар оған «Temu-дың Range Rover-і» деп ат қойған. Түрі премиум санаттағы британдық көлікке ұқсайды. Бірақ бағасы 2 есе арзан. 29 мың фунт. Ал нағыз британдық Defender 62 мың.
Сол себепті болар, JAECOO-7 Ұлыбритания нарығына бір жарым жыл бұрын ғана кірсе де, 2026 жылы ең өтімді үш көліктің біріне айналған.
Иззи Водроу, Мейдстон тұрғыны:
Менің ойымша, азаматтардың көлікке арнайтын ақшасының белгілі шегі бар. Қытайлықтар соны зерттеген. Олардың көліктерінің қымбат брендтерден тиімділігі – опциясы көп, бағасы арзан.
Осылайша, ғасырға жуық тарихы бар британдық брендпен Қытай көлігі 2-ақ жылда бәсекелесті. Мұндайды бұрын елестету мүмкін емес еді.
Мысалы, 2019 жылы Британияда қытай көліктерінің үлесі 1 пайызға да жетпейтін, биыл 30 пайыздан асқан.
Соңғы уақытта Еуропаның басқа елдерінде де қытай көліктерінің сатылымы артқан. Биыл 6 айдың өзінде Қытай Еуропаға 1 млн көлік экспорттаған. Ал керісінше, Еуропаның Қытайға көлік сатуы төмендеген. Мысалы, 2017 жылы жаңа біз айтқан Jaguar Land Rover компаниясы 146 мың көлік сатса, былтыр 52 мыңнан аспаған.
Өйткені бұрын қытайлықтардың өзі өз көлігін менсінбейтін. Оның себебін мына суреттерден-ақ көресіз. Мысалы, біз жаңа айтқан Черридың алғашқы өнімдерінің сапасы тұрмақ, түрі көз тартпайтын. Өйткені олар көшірме болды. Қытайлар сол кезде көшірменің өзін дұрыс жасамады. Мысалы, мынау жапондық Mazda 3. Ал бұл Haima 3. Mazda-ның қытайлық көшірмесі. Әрине, кез келген адам Мазданы таңдайды. Бірақ соңғы 5 жылда көп нәрсе өзгерді. Қытай көліктері енді көшірме емес. Қайта, керісінше, Еуропа Қытайдан көшіре бастаған ба дейсің. Мысалы, жаңа функцияларға қараңызшы. Қазіргі орта санатты неміс көліктерінің салоны осыдан 4–5 жыл бұрынғы қытай көліктерінің салоны сияқты. Ал қытайдың бюджеттік көліктерінің өзінің салоны одан әдемірек. Өйткені кезінде Еуропада жұмыс істеген мықты дизайнерлер Қытайлық компанияларға ауысып жатыр. Мысалы, Audi, Мерседес және Bentley-дің бұрынғы дизайнері Стефан Зилов қазір Geely мен Zeekr-дің сәніне жауапты. Ал 15 жыл BMW-да істеген Рудольф Дитрих, Porsche-ның бірнеше жобасын жасаған Фабиан Шмольц-Обермайер қазір Xiaomi-дің Мюнхендегі дизайн орталығында. Alfa Romeo, Lamborghini жобаларын сызған Вольфганг Эггер BYD-дің дизайн бағытын басқарады. Volkswagen-нің бұрынғы дизайнері Клаус Зичора Changan компаниясында. Rolls-Royce-тың бұрынғы дизайнері Джайлс Тейлор Hongqi-дің, Ferrari-дің дизайнері Хуан Ма Лопес Xpeng компаниясының бас дизайнері. Бұл тізім кете береді.
Қытай көліктері неге күн сайын әдемі болып бара жатқанын енді түсінген шығарсыз. Бірақ қытайға сенім жоқ, шашылып қалады, неміс көлігі 20–30 жыл жүреді деуіңіз мүмкін. Дегенмен көліктердің сенімділігін анықтайтын Германиядағы танымал зерттеу орталығы J.D. Power-дың 2025 жылғы рейтингінде неміс модельдері үздік бестікке кірмеген. BMW – 9, Mercedes – 23, Audi – 27, Volkswagen – 30-орында. Әрине, тізім басында Қытай көліктері де жоқ. Бірақ Қытай көліктің бағасын түсіруден дес бермей келеді. Сарапшылар оның бірнеше себебін айтады. Біріншісі – өндірістің тиімділігі. Қытайда жұмыс күші арзан. Жұмысшының жылдық жалақысы 21 мың доллар, Еуропада 81 мың. Volkswagen-нің басшылары мұндай жағдайда бәсекелесу қиын екенін 2023 жылы мойындаған. Оған қоса, Қытайда көп процесс роботтандырылған.
Екінші себеп – энергия. 2022 жылы Ресей Украинаға соғыс ашқанда, Еуропа Ресей газына санкция салды. Солай арзан газдан саналы түрде бас тартты. Салдарынан Германияда электр энергиясы 5 жылда 30 пайызға қымбаттаған.
Олаф Лис, Германияның Niedersachsen аймағының Премьер-министрі:
Алдымызда қиын кезең тұр. Германияны автомобиль өндірісінің орталығы ретінде жоғалтпауымыз керек. Онда экономикалық әл-ауқаттан айырыламыз. Сондықтан зауыттар өндірістік қуатын толық пайдалануы қажет.
Бірақ ол қиын. Өйткені Қытайдың озып жатқанына тағы бір себеп – шикізат. Еуропа электромобильге көшуді енді ойлап жатқанда, Қытай Конгодағы батарея өндірісіне қажетті кобальт кен орнын 2008 жылы бақылауға алған. Зимбабведегі литийдің 90 пайызы қытайлық компанияларда. Нәтижесінде әлемдегі батареяға қажет сирек металдардың 60 пайызы Қытайға тиесілі. Еуропалықтар ондай шикізатты сатып алуға мәжбүр.
Мұның бәрі көлікті қымбаттатады. Бірақ Еуропа үшін мәселе өндірістің қымбаттауы ғана емес. Олардың көліктері бұрынғыдай өтпейтін болған. Өйткені қытайлықтар сатып алушыға не керегін жақсы түсінеді, – дейді сарапшылар.
Дмитрий Подколзин, көлік сатушы:
Жаңа Tiguan-дарды да әкелдік. Екі ай болды, сата алмай жүрміз. Toyota-лар бар. Оларға да бұрынғыдай сұраныс жоқ. Ал осы уақытта ZEEKR тез өтіп жатыр. Li Auto, Xiaomi сияқты көліктер де сұраныста. Маған күн сайын хабарласып: «ZEEKR керек» дейді. «Менде BMW X5 бар. Trade-in-ге алып қаласыңдар ма?» дейді. Бірақ біз ондай көліктерді trade-in-ге ала бермейміз. Себебі оларды сату қиын. Мысалы, бізде бұрын trade-in-мен алып, 6 айдан бері сатылмай тұрған БМВ-лар бар.
Өйткені немістердің жоғары класты көліктері тым қымбат. Ал орта кластағы көліктері сәнді емес. Мысалы, қытайлық көліктерде үлкен экран, автопилот, смартфонмен басқару – бәрі бар. Ал еуропалықтар консервативті көзқараста. Олар үшін көлік қозғалыс құралы. Осы көзқарасты ұстанған еуропалықтар көліктің жаңа үлгісін 4–5 жыл жобаласа, қытайлықтар небәрі 1–1,5 жылда. Оны көрген Еуропа енді не істейміз деп жатқанда, қытайлықтар Еуропада өндіріс орындарын салып жатыр. Қазір Түркия, Венгрия, Испанияда құрылыс басталған. Италия мен Польшада өндіріс кешендерін салу туралы келіссөз жүріп жатыр.
Осылайша, Қытайдың Еуропаға көлігі ғана емес, зауыттары кіріп жатыр. Бұл түрлі кедендік тарифтер мен баж салығын айналып өтудің жолы. Қарап тұрсақ, бұл жай ғана автомобиль өндірісінің бәсекесі емес. Бұл технология және нарық үшін талас.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы