Жастар Президент пайымына үн қосты
Қиындыққа мойымай, алға ұмтыл! Мемлекет басшысының жастарға айтқан бұл үндеуін ақмолалық жастар құптап отыр. Көкшетаулық Данагүл Есжанова спортпен айналысқан 4 жылда парапаурлифтингтен Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы атанып қана қоймай, әлем чемпионатында топ жарды. Ал 19 жасынан өрт сөндірумен айналысып келе жатқан төтенше жағдайлар саласының маманы мен балаларға қажетті медициналық көмекті жолға қойған жас ЛОР дәрігер туралы Бибінұр Әмірханқызының бейнематериалында толығырақ баяндалады.
Қандай да бір шыңды бағындыру үшін қайтпас қайсарлық, табандылық керек. Парапаурлифтингпен 2022 жылдан бері айналысатын Данагүл Есжанова осындай қағиданы ұстанады. Қаршадай өжет қыз 4 жылда Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы атанды. Бүгінде ел намысын әлемдік деңгейдегі додаларда қорғап жүр.
Данагүл Есжанова, пара пауэрлифтинг бойынша Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы:
Спорт мен үшін сәттілік, жеңіс және жақсылыққа ұмтылу. Спорт арқылы мен мінезімді өзгерте алдым, алдыма мақсат қоюды үйрендім және биік белесті бағындыра алдым. Екі рет Әлем чемпионатына қатыстым. Оның бірінде халықаралық деңгейдегі спорт шебері атағын қорғадым. Екінші рет барғанымда 6-орын алдым. Алдағы мақсатым әлем чемпионы болу.
Данагүлмен бірге парапаурлифтингпен 14 жасар Милана Варганова да айналысады. Қазақстанның күміс жүлдегері атанған жас спортшы болашақта ветеринар болғысы келеді.
Өрт сөндіруші үшін әрбір шақырту асқан жауапкершілікті талап етеді. Абзал Темірбаев еңбек жолын небары 19 жасында бастаған. Жеті жылда талай мәрте тілсіз жаумен бетпе-бет келді. Сондай кезекті шақырту бірі оның бақытын табуына жол ашты.
Абзал Темірбаев, өрт сөндіруші:
Есте қалған өрт сөндіру сәті, ол өртті сөндіріп, кішігірім жарақат алып, дәрігерлерге жүгініп, өзімнің болашақ жарыммен танысқан болатынмын. Біреулер сүйіп қосылса, біз күйіп қосылдық десе де болады. Президентіміздің қиындыққа мойымай тек қана алға ұмтыл деген үндеуі бар. Өрт сөндіру саласында өте қажетті сөздердің бірі деп есептеймін. Себебі 19 жасымда осы салаға кіргеннен бастап қанша түрлі қиындықтар басымыздан өтті, бірақ соның барлығына мойымай, жігерімді жинап алдыға қарай жүріп келе жатырмыз.
Самат Мәлімбай медициналық университетке түсерде ең жоғары бал жинап, Ақмола облысы әкімінің грантын ұтқан. Сөйтіп алматылық жас маман облыстық балалар ауруханасына дәрігер болып келеді. Алайда, дәл сол кезде бөлімшеде жол көрсетіп, тәжірибесімен бөлісер бірде-бір ЛОР болмаған. Ол өзімен бір жылда келген әріптесімен білімдерін іс жүзінде дәлелдейтін үлкен жауапкершілікті арқалайды. Бүгінде ол балаларды емдеп, түрлі операцияларды сәтті жасап жүр.
Самат Мәлімбай, дәрігер:
Ақылдасып, өзіміздің жүйені қалыптастырдық. Жаңа өзіміздің емдеу тәсілдерімізбен науқастарды емдеп бастадық. Бізге шұғыл науқастар түседі, сол науқасты аяғына дейін емдеп, соңғы процеске жеткізбеу керек. Аденоидты керек уақытында алса, одан кейін құлағын емдеп, созылмалы атиттің алдын алатын болсақ, онда созылмалы процестерге жеткізбейміз. Осы кезеңде жұмыстар жасап жатырмыз. Әлі де жасаймыз. Әлі де жетілдіреміз.
Үш түрлі мамандық. Үш түрлі тағдыр. Бірақ үшеуін біріктіретін бір қасиет бар – қиындыққа мойымай, алға ұмтылу. Сөйтіп, ақмолалық жастар Президенттің жастарға айтқан үндеуін іспен көрсетіп келеді. Елдің ертеңі бүгінгі жастардың таңдауы мен талпынысынан басталады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы