Басты Жаңалықтар Тау туризмі - Алматы экономикасының жаңа драйвері

Тау туризмі - Алматы экономикасының жаңа драйвері

Алматының асқақ тауына келуші туристердің қарқыны қатты. Жыл басынан бері Іле-Алатау ұлттық паркіне 1 миллион 300 мыңнан астам адам барған. Бұл өткен жылға қарағанда 93 пайызға көп. Тау туризміне қызығушылықтың артуы Алматының туристік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, қала экономикасына да жаңа мүмкіндік беріп отыр.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Тауға келген турист үшін табиғаттың әсемділігі ғана емес, мұндағы қолайлылық пен қауіпсіздік те өте маңызды. Алматы тауында мұның бәрі ескерілген. Мәселен, келушілерге жол көрсететін осындай 4 бағытта арнайы жаяу жүргінші жол бар. Сондай-ақ кэмпинг аймағы мен демалыс орындары қарастырылған.

«Серкебей» шыңы, «Алма-арасан» шатқалы сияқты туристер көп баратын көрікті жерлерге еш кедергісіз жету үшін арнайы осындай жолдар салынған. Инфрақұрылым дамыған сайын келушілер де күн сайын артып келеді. Бір ғана «Алма-Арасанға» демалыс күндері 3 мыңға жуық адам келеді екен.

Туристер көбейген сайын гид қызметіне, көлікке, тамақтану орындарына, қонақүй мен демалыс орындарына сұраныстың артатыны сөзсіз. Сондықтан тау туризмі енді табиғатты тамашалаудың ғана емес, Алматы экономикасын дамытатын бағыттардың біріне айналып келіп келеді. Үш айда туризмнен қалалық бюджетке 22 миллиард теңге салық түскен. Келушілердің ыңғайлылығы үшін ендігі кезекте Үлкен Алматы көліне апаратын жолды ретке келтіру, дейді мамандар.

Роман Картун, «Tau Pro Corporation» компаниясының директоры:

Қазір Үлкен Алматы көліне апаратын жаңа, балама маршрут жасалып жатыр. Бұл бағыт тауға өз бетінше шығуға әлі дағдыланбаған туристерге де қолайлы болады. Маршруттың ұзындығы шамамен 5 шақырым. Оны қараша айында ашу жоспарланып отыр.

Осы уақытқа дейін 850 шақырым, 100-ге жуық бағыт абаттандырылған. Яғни, жол белгілері, аялдап демалатын орындар жасалған. Сондай-ақ кез келген ауа райында палатка тігіп, аялдай алатын 16 кемпинг – аймақ бар.

Айбол Мұратхан, «Алматы туризм бюросы» ЖШС қалалық туризм инфрақұрылымын дамыту бөлімінің басшысы:

2025 жылға дейін Туризм басқармасы 16 кемпинг аймағын орнатқан болатын. Ол жақта, яғни туристердің 2-3 күндік маршруттарға баратын соқпақтарда орнатқан болатынбыз. Яғни ол жақтарда күрке, сонымен қатар туристердің өзінің алып жүретін палаткаларын орнататын жерлер абаттандырылған болатын. Кей зоналарда алтыбақан, күн сәулесімен қуатталатын күн панель орнатылған. Яғни туристер өздерінің электронды құрылғыларын зарядтап алады. Сонымен әрі қарай өздерінің маршруттарын жалғастыруға мүмкіндік болады.

Ал таудағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Биыл тағы 350 шақырым тау бағытын абаттандыру жоспарланып отыр. Мамандар табиғатының тартымдылығы мен қызмет көрсету сапасын қатар дамыту - Алматыны Орталық Азиядағы ірі тау туризмі орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік беретіне сенімді.


Бөлісу