Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Корея $19 млрд-қа келісім жасады

Қазақстан мен Корея $19 млрд-қа келісім жасады

Қарашығанақ кен орнында 6 млрд долларға газ өңдеу зауыты салынады. Корей компаниясы қомақты қаржы салмақ. Сонымен қатар елімізде кәріс көліктерінің бөлшектерін шығару қолға алынады. Мемлекет басшысының Сеулге сапары аясында қос елдің кәсіпкерлері 80-ге жуық келісімге қол қойды. Жалпы құны 19 млрд доллар. Кореяның ірі бизнесі Алатау сити қаласының құрылысына да қызығушылық танытып отыр. Іскерлік кеңес отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті кәсіпкерлерге ауқымды жобаларды бірлесе атқаруға шақырып, атом энергетикасы саласында әріптестіктің мүмкіндігі мол екенін айтты. Қос ел тағы қандай бірлескен жобаларды қолға алмақ?

Корей өнерлі жұрт. Білім-ғылым, технологияны терең меңгерген. Сол өнерінің арқасында әлемге тауарын сатып, әл қуатын арттырып отыр. Үйренеріміз көп. Таң сәріден іс-шараға жиналған бизнесмендер келіссөзді дәлізде бастап кетті.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Корея - еліміздің ең ірі инвесторларының бірі. Соңғы 20 жылда біздің елге 12 млрд доллардан аса қаржы құйған. Тараптар әріптестікті одан әрі арттыруға мүдделі. Қазір Президент осы елдің бизнес өкілдерімен кездесіп жатыр.

Hanwha Group компаниясы еліміздегі цифрландыру үдерісіне белсенді араласуға мүдделі. Мемлекет басшысы елімізді Орталық Азия нарығына шығатын технологиялық алаң ретінде пайдалануды ұсынды.

Ал мынау Сеулдегі ең үлкен ғимараттың бірі - Lotte қонақ үйі. Енді осы брендпен Алматыда жаңа нысан бой көтермек. Компания  Alatau City-дегі құрылысқа да қатысуға қызығушылық танытып отыр. Ал Hyundai Қазақстанда электромобиль өндірісін қолға алмақ. Компания президенті Сунг Ким елімізде автобөлшектер шығару жұмысы артатын айтты. Бүгін төрт келісімге қол қойылды. Алматыда автокөлік кілемдері, дыбыс бәсеңдеткіш, сымдар будасы мен орындықтар шығарылады. Демек  көлік бағасы арзандауы мүмкін. Бұл жобаларға 80 миллион доллар инвестиция тартылады. 500 жаңа жұмыс орны ашылады.

Бекнұр Несіпбаев, «Astana Motors» компаниясының бас директоры:

Орындықтарды біз бұрын шығармаған кезде осы Оңтүстік Кореядан тасымалдаған кезде 2 мың доллар төлейтінбіз. Осы орындықтарды Қазақстанда шығарған кезде Кореяға төлейтін ақшаның құны 1700 долларға төмендеді. 300 доллар Қазақстанда қалды. Сол 300 долларға Қазақстанда жұмыс орындары ашылды, инвестиция қайтарылды, кредиттер төленіп жатыр. Негізгі мақсат — көліктің бағасын арзандату.

Ынтымақтастықтың тағы бір ірі бағыты  мұнай-газ саласы. Павлодар мұнай өңдеу зауытының қуатын 5 млн тоннадан 9 млн-ға дейін арттыру жоспарланған. Жобаны «ҚазМұнайГаз» бен Samsung бірлесіп жүзеге асырмақ. Ал Қарашығанақта жаңа газ өңдеу зауыты салынады. Жоба құны 6 миллиард доллар.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

QazaqGaz Hyundai Engineering-пен газ өңдеу зауытын салатын болады. Құрылыс жұмыстары келер жылы басталады. Толыққанды 2030 жылына дейін қосатын боламыз. Инвестициялық құны  6 миллиард доллар.

Осы жобалардың нақ үлгісі арнайы көрмеде таныстырылды. Samsung Қазақстандағы өндірісін кеңейтпек. Үш жыл бұрын Саран қаласында тұрмыстық техника зауыты ашылған. Мұнда жылына 100 мың теледидар мен кір жуғыш машина құрастырылады. Енді Қарағанды облысында заманауи медициналық аппараттар шығару жоспарланып отыр.

Майкл Буин, Samsung компаниясының вице-президенті:

Samsung Medison Қазақстанға жасанды интеллект технологиясы енгізілген ультрадыбыстық зерттеу аппараттарын ұсыну бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл құрылғылар жалпы диагностика, акушерлік, гинекология және жедел медициналық көмек салаларында қолданылады. ЖИ функциялары дәрігердің УДЗ жүргізуін жеңілдетіп, диагноз қоюға көмектеседі. Біздің жүйелер клиникалық диагностикаға арналған арнайы AI мүмкіндіктерімен жабдықталған. Бұл технология Қазақстандағы УДЗ диагностикасының сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз.

Дрон өндірісінде де әріптестік орнаған. Павлодарда бірлескен кәсіпорны жұмыс істейді. Мұнда қазір дрондардың төрт түрі құрастырылады. Енді негізгі технологияларды Қазақстанға көшіру көзделген.

Ли Чжон Гён, Preneu Co., LTD. компаниясының бас директоры:

Қазір Қазақстанда дрондардың төрт түрі шығарылады. Алдағы уақытта басқару жүйелері, негізгі бөлшектер, мониторинг жүйесі мен авионика технологияларын кезең-кезеңімен Қазақстанға беру көзделген. Осы арқылы өндірістегі жергілікті үлесті біртіндеп арттырмақпыз.

Ал мынау дөңгелек үстелге екі елдің бизнес алыптары жиналды. Трлн-даған доллар активті басқарып отырған компаниялар. Президент Қазақстан мен Корея былтыр 3 млрд долларға сауда жасағанын айтты. Қомақты сома. Дегенмен қос тарап күш біріктірсе, бұл санды екі еселеуге мүмкіндік молынан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өнеркәсіп саласындағы ықпалдастық экономикалық серіктестігіміздің берік негізіне айналды. Бүгінде ортақ портфельде автомобиль құрастыру, машина жасау, металлургия және басқа да салаларды қамтитын 51 бірлескен жоба бар. Олардың жалпы құны 4 миллиард доллардан асады. Кореялық компаниялардың тәжірибесі Қазақстанның бәсекеге қабілетті әрі сенімді өндіріс алаңы екенін анық дәлелдеді. Былтыр елімізде 170 мыңға жуық автомобиль шығарылды. Бұл – ұлттық деңгейдегі рекорд.

Қазір әлемде сирек металдарға сұраныс жоғары. Тіпті ірі елдер ол үшін жарысқа түсіп жатыр. Осы ретте Қазақстан мен Корея стратегиялық минералдар саласындағы байланысты кеңейтпек. Корейлер тек кенді игеріп қана қоймайды. Өңдеу технологиялары мен өндірістік тәжірибесін ұсынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанның жер қойнауында аталған стратегиялық ресурстардың мол қоры бар. Бұл өндірістің озық салаларында және басқа да табысы жоғары секторларда қазақ-корей ынтымақтастығын дамытуға жол ашады. Қазақстанның қазба байлықтарын игеруге Корея тарапы инвестиция салып қана қоймай, технологиялық тәжірибесімен бөліскенін де қуана құптаймыз. Бұл ретте қосылған құны бар толыққанды өндіріс тізбегін бірлесіп дамыту үшін «Ресурс – технология – өнеркәсіп» моделін ұсынамыз.

Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Елімізде ірі дата орталықтар салынып жатыр. Корея компаниялары оның қызметіне қызығушылық танытқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Деректер өңдеу орталықтарының алқабы» энергия ресурстарына бай Павлодар облысында орналасады. Жоба бір гигаватқа дейін қуатты қамтамасыз етеді. Кейін оның ауқымын тағы да кеңейтуге болады. Мақсатымыз – Қазақстанды Орталық Азияның басты есептеуіш технологиялар хабына және Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпірге айналдыру. Бұл жоспар Кореяның технологиялық компаниялары үшін бірегей мүмкіндік береді. Жасанды интеллектінің қосылған құн тізбегіндегі барлық кезеңінде пайдасын көргіміз келеді. Сондықтан Қазақстан микроэлектроника және жартылай өткізгіштер өндірісіне қажетті материалдар мен компоненттердің сенімді жеткізушісі бола алады.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Президенттің сөзінше, Алатау қаласы қазақ-корей ынтымақтастығының жаңа алаңына айналмақ. Кореялық компаниялар қаланың бас жоспарын әзірлеуге қатысып жатыр. Сонымен қатар екі ел Орта дәліздің әлеуетін бірге арттыруды көздейді. Қазақстан кореялық жүктерге жол ашатын логистикалық орталықтар мен бірлескен кәсіпорын құруды ұсынып отыр. Қаржы мен агроөнеркәсіп саласында да ауқымды жобалар бар. Қазақстан Корея нарығына бидай, ет, сүт, майлы дақылдар мен бал экспортын арттыруға дайын. Жалпы, бизнес форум қорытындысы бойынша тараптар құны 19 млрд доллар болатын 80-ге жуық келісімге қол қойды.
Бөлісу