Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Корея президенттері келіссөз жүргізді

Қазақстан мен Корея президенттері келіссөз жүргізді

Осыдан кейін Мемлекет басшысы Корея Президентімен келіссөз жүргізді. Оның қорытындысы бойынша қос ел қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеретін маңызды уағдаластыққа қол қойылды. Сонымен қатар тараптар маңызды құжаттармен алмасты.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Чхонвадэ. Корей президентінің резиденциясы. Қазақша айтқанда «Көк үй» деген мағына береді. Негізгі ғимараттың шатырын 150 мыңға жуық көк түсті қыш тақтайшалармен көмкерген. Алты ғасырдан астам тарихы бар бұл мекеннің шежіресі Чосон әулеті дәуірінен басталады. Пугаксан тауының етегіндегі тарихи кешен талай маңызды саяси кездесуге куә болды. Бүгін мұнда Қазақстан басшысы құрметпен қарсы алды.

Дәстүрлі киім киген сарбаздар, саз сырнайлатқан өнерпаздар. Корей елі мәртебелі мейманды ұлттық нақышпен қарсы алды.

Алаңға бірден үш түрлі әскердің құрмет қарауылы сап түзеген. Ал екі елдің жалауын желбіреткен бүлдіршіндер мәртебелі меймандарды сарай төрінде қарсы алды. Содан кейін Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды.

Екеуара әңгімелесу барысында президенттер елдер арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.  Берік ынтымақтастыққа еліміздегі 120 мыңнан аса корей диаспорасы да үлес қосып келеді. Президенттің айтуынша, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланысы да жылдан-жылға нығая түсуде.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Былтыр Қазақстанға 51 мыңға жуық корей азаматы сапармен келді. Бұған екі мемлекет арасындағы тікелей әуе қатынасының қарқынды дамуы айтарлықтай ықпал етуде. Арамызда ірі жоба пайда болды. Ол – Алатау қаласының құрылысы. Бүгін біз Алатау қаласында Кореяның KAIST институтының филиалын ашу туралы келісімге қол қоямыз. Бұл қадам білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастығымызды тереңдетуге тың серпін береді деп ойлаймын.

Корея Республикасының Президенті бес жыл бұрын Кореяға генерал Хон Бом Доның сүйегін қайтаруға көмектескені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, корей халқы бұл ізгі істі жоғары бағалайтынын айтты. Ли Чжэ Мёң екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бейіл екенін растады.

Ли Чжэ Мёң, Корея Республикасының президенті:

Қазақстан – біздің экономикалық қауіпсіздік саласындағы маңызды серіктесіміз. Сіздің еліңіз тек энергетикалық және табиғи ресурстарға ғана бай емес, келешегі зор жоғары технологиялық салаларда да зор әлеуетке ие. Біз өндіріске арналған озық цифрлық технологияларымыз арқылы Қазақстан өнеркәсібін жаңғыртуға үлес қосуға әзірміз. Халықаралық ахуал бұлыңғыр кезеңде елдеріміз күш-жігер мен әлеуеттерін біріктіріп, ынтымақтастықты нығайтуға тиіс. Сондай-ақ өзара тиімді негізде экономикалық өсімнің жаңа мүмкіндіктерін табуы қажет.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруді көздейтін құжатқа қол қойды. Яғни болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік орнады. Сонымен қатар энергетика, ғылым, еңбек, атом энергетикасы, көлік, инфрақұрылым, экология және мәдениет салаларын қамтитын 12 құжат бекіді. Бұл келісім технология алмасуға, маман даярлауға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.

Бөлісу