Зейнетақы жинағын игеру жолдары
Зейнетақы жинағын 100 пайыз инвест компанияларға аударуға болады дегелі салымшылар қозғала бастады. Бірақ әлі түсініксіз тұсы көп. Қай компанияны таңдаған тиімді? Қандай тәуекелдер бар?
Ақниет Балтанова, тілші:
Зейнетақы жинағын аудару үшін іnvest.enpf.kz сайтына кіру керек. Сол жерде инвестициялық портфельді басқарушыларды салыстыру бөлімі бар. Яғни қысқаша ИПБ дейді. Мұнда Ұлттық банктен бастап 6 компанияның жылдық кірісі, активтері көрсетілген. Мәселен, ең төменгі көрсеткіш Ұлттық банкте, яғни 7,13%. Ал ең жоғары кіріс – Сентрас Секьюритиз компаниясына тиесілі, - 15,63 процент. Өзге компаниялардың да жылдық нәтижесі көрсетілген.
Бұған дейін зейнетақы қорындағы активтерді Ұлттық банк басқарып келгені белгілі. Әлбетте, бұл жүйе қауіпсіз болды. Бірақ кіріс те инфляция деңгейінен аспайтын. Енді әр азамат жинағын өзі игеріп, табысын еселеуіне болады.
Ақниет Балтанова, тілші:
Екінші көңіл бөлетін мәселе - олардың активі, меншікті капиталы және басқару тәжірибесі. Ең жоғарғы көрсеткіш Халық финанста – 72 млрд-қа жуық зейнетақы активі бар, яғни бұл компанияға шамамен 12 мыңнан астам салымшы сенім білдірген. Одан соң меншікті капиталын қараймыз. 87 млрд теңгеден астам қаражат БСС Инвест компаниясына тиесілі.
Бірақ қаржыны салуға асықпаған жөн. Нәтижелерін ескере отырып, екі-үшеуін таңдап, кеңсеге барып, кеңес алған дұрыс. Нарықта неше жылдан бері сапалы жұмыс істеп келгеніне де мән беру керек.
Айдын Дәулетбақ, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департаментінің директор орынбасары:
Олар арнайы талаптарға сай болуы тиіс. Мәселен, 440 мың АЕК көлемінде меншікті капиталы болуы тиіс. Сонымен қатар 5 млрд теңгеден асатын активтерді кемінде 3 жыл басқару тәжірибесі бар ірі акционер болуы және оның рейтингі 3 «Б»-ден төмен емес резидент болуы талап етіледі.
Расында, инвестициялық компанияларға қойылатын талап қатаң. Олардың кез келген адамның табысын қайтарып беретін резервтік капиталы болады. Ұлттық банк мұны үнемі бақылап отырады. Қауіпті емес пе деп сұрайтындарға жауап осы. Бірақ қомақты қаражат жүрген жерде қашан да тәуекел бар.
Алтынай Көзиева, Сақтандыру компаниясының сату маманы:
Барлық 100 процентті мүлдем ауыстыруға болмайды. Бөліп-бөліп, 50 пайызын өткізіңіз, қараңыз, егер 1 жыл ішінде көңіліңізден шықпаса, сіз оны қайтып ЕНПФ-қа аударуыңызға болады.
Балжан Бақытқалиқызы, бухгалтер, салық сарапшысы:
Жеке тұлғалар, ИПБ таңдап және оған қанағат тұтпаса, әлеуметтік кодекстің 37-бабы, 8-тармағында айтылған, ақшасын қайта қайтарып алса болады, өзінің жеке зейнетақы шотына.
Зейнетақы жинағын басқарушы компанияға берген соң, үстінен түскен пайданы азаматтар тек зейнет жасына жеткенде алады. Яғни ай сайынғы кіріс қолма қол берілмейді.
Ақниет Балтанова, тілші:
Қаржы мамандары зейнет жасына жақындаған азаматтарға тәуекелге бармай-ақ, қаражатты зейнетақы қорында қалдыра берген дұрыс деп есептейді. Ал жұмысқа қабілетті жастар алдағы 10-15 жылда табысы инфляцияға желініп, мардымсыз болып қалмауы үшін инвесткомпанияларға жүгінгені жөн.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы