Басты Жаңалықтар Президент Корея Ұлттық Ассамблеясының спикерімен кездесті

Президент Корея Ұлттық Ассамблеясының спикерімен кездесті

Мемлекет басшысы Корея Ұлттық Ассамблеясының спикері Чо Чжон Шикпен кездесті. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті Ли Чжэ Мёңмен өткен келіссөздер нәтижелі болғанын айтты. Президент екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда заң шығарушы органдардың рөлі маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары парламентаралық диалог тереңдеп, Қазақстан Парламенті мен Корея Ұлттық Ассамблеясы арасындағы байланыс тұрақты сипат алды. Бұл бағыттағы жұмысты Құрылтай депутаттары жалғастырады. Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық та сөз болды. Қазақстанда Корея капиталы бар мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бірқатар маңызды салада бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстың тарихи негізіне де тоқталды. Келесі жылы корей халқының Қазақстанға қоныс аударғанына 90 жыл толады. Қасым-Жомарт Тоқаев осы тарихи межені екі ел бірлесіп атап өтуі керек екенін айтты. Ұлттық Ассамблея спикері Чо Чжон Шик Қазақстан Президентіне сапары үшін алғыс білдірді. Ол екі ел арасындағы ынтымақтастықтың түрлі салада дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ энергетика, цифрландыру және жасанды интеллект бағыттарындағы ықпалдастықты арттыру маңызды екенін айтты. Чо Чжон Шик көктемде Қазақстанда Орталық Азия мен Корея Республикасы парламент төрағаларының төртінші кездесуі өтетінін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар парламентаралық байланысты және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін білдірді.


Бөлісу