Әлем нарығында мұнай бағасы құбылды
Сауд Арабиясы Мекке маңында йемендік хуситтер жіберген дронды атып түсіргенін хабарлады. Алайда, қарсы жақ қасиетті қалаға шабуыл жасады деген мәліметті дереу жоққа шығарды. Екі жақ арасындағы шиеленіс дүниежүзінің мұнай нарығы үшін үлкен қауіп төндіріп тұр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Йеменнің солтүстігін, орталығын тіпті астанасын 2015 жылы басып алған ираншыл шиит-хуситтер қазір cүнниттік Сауд Арабиясына арқа сүйеген үкімет әскерімен соғысып, басымдық байқатып жатыр. Кейінгі апталарда хуситтер Саудияның өзіне де шабуыл жасап, ондаған адамды жаралады. Корольдік әскерилеріне сенсек, хуситтер мұсылмандар үшін қасиетті Мекке маңына да дрон жіберген. Алайда, қарсы жақ бұл мәліметті дереу жоққа шығарып, бұған дейін көрші елдің әскери нысандарын ғана көздегенін жариялап отыр.
Яхья Сари, Хуситтер қарулы күштерінің ресми өкілі:
Хуситтер қанша жерден жоққа шығарса да, 57 ел кіретін және 1,5 миллиард мұсылман атынан өкілдік ететін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Меккеге шабуыл жасалғанын мәлімдеп, бұл әрекетті айыптады.
Cаудия армиясы болса, өткен тәулікте Йеменнің алты провинциясын бомбалады. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, Йемендегі соғыс салдарынан ондаған мың адам босқындық кебін киген.
Юджин Бьюн БҰҰ босқындар ісі жөніндегі өкілі:
Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі Йеменнің батыс жағалауындағы аудандарда әскери қақтығыстардың күшеюіне аса алаңдап отыр. Оның нәтижесінде 4,8 миллион босқынға тағы 100 мыңдай адам қосылды. Ал 2400-дей йемендіка Баб-әл-Мандеб бұғазы арқылы Джибути аумағына өтіп кеткен.
Баб-әл-Мандеб демекші, хуситтер Йеменнің Қызыл теңіз жағалауын түгел басып алып, бұл бұғазға да бақылау орнатуға әрекеттеніп жатыр. Сол мақсатпен олар жақында Перим аралы мен Мокка қаласын жаулап алды. Соның нәтижесінде Парсы шығанағының мұнай өндіруші елдері үшін халықаралық нарыққа энергетикалық шикізат жеткізу қиындап барады.
Айта кетсек, АҚШ-Иран соғысы кесірінен Баб-әл-Мандебтің қарсы бетіндегі Ормұз бұғазынан танкер өткізу жарты жылдан бері мұңға айналып отырғаны белгілі. Екі стратегиялық су жолындағы қауіптің күшеюінен «қара алтын» бағасы бірнеше күннен бері 100 доллардан төмендемей тұр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы