Ақтауда мектеп асханасындағы ас мәзірі жаңарды
Маңғыстауда мектеп асханаларындағы ас мәзірі жаңарды. Енді тағам құрамындағы қант пен тұз азайтылып, көкөніс, жеміс-жидек пен сүт өнімдері көбейтілді. Бұған балалар арасында артық салмақ көрсеткішінің өсуі де себеп болып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға артқан. Жаңа ас мәзірінің ерекшелігі жайлы Аягөз Оралбайқызы тарқатады.
Мектеп жасында қалыптасқан тамақтану әдеті баланың денсаулығына тікелей әсер етеді. Сондықтан биыл еліміздің барлық білім беру ұйымдарында тамақтануға қойылатын талаптар күшейтілді. Жаңа стандартқа сәйкес ас мәзіріндегі қант мөлшері 3,6 есеге, ал тұз 5 есеге азайтылған.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Біз Ақтау қаласындағы 33-мектептеміз. Мұнда күніне мыңға жуық бала тамақтанады. Бұл - бүгінгі ас мәзірі. Балаларға көкөніс пен тауық еті қосылған қарақұмық ботқасы, қарабидай наны мен алма, қара шай беріледі.
Қазір тәтті сусындар мен шырындардың орнына су, сүт өнімдері, жеміс шайы және қант мөлшері төмен компот ұсынылады.
Жансаям Сәдуова, асхана меңгерушісі:
Бұрын бізде қарақұмық аптасына бір рет берілетін еді, қазір екі рет беріледі. Бүгін құрамында құс еті қазір көп, көкөністі көбейттік. Қазір бізде ас мәзірінде сорпа өнімі көп, кеспе сорпасы бар, асбұршақ сорпасы бар. Балаларымыз тауысып ішеді. Балалардың келуіне 5 минут қалған кезде осылай жаямыз, бізде тамақ қатты ыстық болмайды.
Аймақта ас мәзірін қайта қарауға оқушылардың денсаулығына қатысты көрсеткіштер де әсер еткен. Мамандардың мәліметінше, биыл балалар арасында салмақ қосу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға өскен.
Жанар Сейдахметова, Маңғыстау облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлім басшысы:
Қан диабеті дейміз, семіздік аурулары көбеюіне байланысты сол ауруларды алдын алу және де жұқпалы ауруларды, соның ішінде тамақтан улану бар. Сол себептен қант мөлшері азайтылды. Бұрынғы қуырылған тамақ, фастфуд өнімдері мәзірден алынып, оның орнына құнарлы, буға піскен, суға піскен және де дәруменге бай тамақ енгізілді.
Мектептегі астың сапасын ата-аналар да бақылай алады. Қазір білім беру ұйымдарында арнайы комиссия жұмыс істейді. Оның құрамында мектеп әкімшілігі, медицина қызметкері, қамқоршылық кеңес өкілдері мен ата-аналар бар.
Сымбат Амалова, ата-ана:
Балалардың жақсы тамақтануы үшін қазіргі кездегі қант өнімдерін алып тастап, көкөністер күнделікті мәзірге қосылғанына қуаныштымыз. Балаларымыздың жақсы тамақтануы, күнделікті өмірде өздерін қалыптастыруының бірден-бір игі іс деп ойлаймыз.
Мамандардың айтуынша, жаңа мәзір балалардың физиологиялық қажеттіліктеріне, тағамның құндылығы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды ескере отырып әзірленген. Алдағы уақытта мәзірге ұлттық өнімдер, оның ішінде шұбат та қосылмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы